03.04.2023, 11:40

Ауыр атлетикадан ел құрамасы медальдық есепте бірінші орын иеленді

Фото: instagram.com/iwfnet
Қазақстан атынан 11 спортшы – бес ұл және алты қыз қатысты.

Дуррес қаласында (Албания) ауыр атлетикадан жастар арасындағы әлем чемпионаты аяқталды, деп хабарлайды Ауыр атлетика федерациясының баспасөз қызметі. Қазақстан атынан 11 спортшы – бес ұл және алты қыз қатысты.

Жинаған ұпай саны бойынша жалпыкомандалық есепте Қазақстан ерлер құрамасы 45 қатысушы елдің арасында үшінші, әйелдер құрамасы бесінші орынға табан тіреді.

Медальдық есепте Қазақстан ерлер құрамасы көш бастады (жеті алтын, екі күміс және бір қола), әйелдер құрамасы үздік ондықты (үш күміс және бір қола медаль) жапты.

Жастар арасында 73 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Сәулебеков Ерасылға тең келер ешкім болмады. Биатлонда ол 305 (137+168) кило көтерді – жұлқа көтеруде, серпе көтеруде және барлығында алтын.

Қыздар арасында 64 келі салмақта Таисия Алексеева екінші болды. 201 (89+112) келіні жұлқа көтеруде, серпе көтеруде және барлығында күміс.

Ұлттық құрамаға тағы үш медальді Қызылорда ауыр атлетика мектебінің шәкірті Сабыр Нұрдос әкелді! 89 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде спортшы жұлқа көтеруде үш мүмкіндігін сенімді орындап, бұл жаттығуда алтын медальді жеңіп алды. Нұрдос серпе көтеруде және жалпы есепте екінші орын алды.

Жарыстың соңғы күні Никита Әбдірахманов барша қазақстандық жанкүйерлерге сыйлық жасады! Ол 102 келіге дейінгі салмақта – 369 (164+205) келі – жұлқа көтеруде, серпе көтеруде және жалпы есепте алтынды сенімді түрде жеңіп алды. 

Арапбай Нұрасыл (67 келіге дейін) пен Дарья Балабюк (55 келіге дейін) де өнер көрсетіп, жұлқа көтеруде чемпионаттың қола жүлдегері атанды.