Күдіктіні полиция қызметкерлері түнгі сағат бір жарымда Алматының Алатау ауданындағы «Ұлжан» ықшамауданында ұстаған, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат порталы.
«Бұл - 1987 жылы туған, Д. есімді азамат. Ол Жамбыл облысының тумасы. Жедел деректерге сәйкес, ол ҚР аумағында тыйым салынған «Таблиғи Жамағат» діни-экстремистік ұйымының қолдаушысы болып табылады. Күдіктінің жеке басын тінту барысында, ішінде есірткі салынған полиэтилен байламы табылды және тәркіленді. Ұсталған азамат есірткіні заңсыз сақтағанын мойындады. Аталған дерек ҚР ҚК-нің 296-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелді. Сот-химиялық сараптама тағайындалды», - деді, Алматы қалалық ПД экстремизмге қарсы күрес Басқармасының бастығы полиция подполковнигі Дархан Әбіқұлов.
Қылмыстық істің басқа да мән-жайлары ҚР ҚПК-нің 201 бабы және ҚР Конституциясының нормаларына сәйкес жария етуге жатпайды.
Жалпы Алматылық полицейлер есірткі бизнесімен аяусыз күрес жүргізіп келе жатқаны белгілі. Мәселен жақында ғана Алматы полициясы синтетикалық есірткінің жолын кесті. Полицейлер екі «допингті пайдаланушыларды» ұстау кезінде 27 бума психотроптық затты тәркіледі.
Әуезов ауданы аумағында, «Достық» ықшамауданында жеке тінту барысында Алматы қаласының 21 жастағы тұрғынынан есірткі заты бар 17 байлам табылды және тәркіленді.
Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген зат психотроптық есірткі болып табылады.
Полиция қызметкерлері, 2000 жылы туған тағы бір қала тұрғынын 10 бума синтетикалық затпен ұстады.
«Тексеру барысында полиэтилен қаптамаға оралған синтетикалық есірткі заттары тәркіленді. Осы эпизодтар бойынша ҚР ҚК-нің 296 бабы 4 бөлігі (психотроптық заттарды сату мақсатынсыз, аса ірі мөлшерде заңсыз сатып алу, сақтау) және ҚР ҚК-нің 297 бабы 3 бөлігі (Электрондық ақпараттық ресурстарды пайдалана отырып, адамдар тобында, алдын ала сөз байласу арқылы, сату мақсатында есірткі, психотроптық заттармен заңсыз айналысу) қылмыстық істер тіркелді. Күдіктілерге қатысты қамауға алу түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды», - деді, Әуезов аудандық полиция Басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Ұлан Әбілқайыр.
Ірі көлемде есірткі сатты деген күдікпен 46 жастағы әйел ұсталды
Есірткі, психотроптық заттарды заңсыз сатқан деген күдікке Ж.есімді азаматша ілікті. Ол «Сайран» ықшамауданындағы үйлердің бірінің маңында жедел-іздестіру іс-шаралары барысында ұсталды.
«Жеке тінту кезінде одан ерекше иісі бар зат табылды және тәркіленді. Сараптама қорытындысы бойынша тәркіленген зат психотроптық есірткі болып табылады. Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 297 бабы 2 бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды», - деді, Әуезов аудандық полиция Басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Ұлан Әбілқайыр.
Қылмыстық істің басқа да мән-жайлары ҚР ҚПК-нің 201 бабы және ҚР Конституциясының нормаларына сәйкес жария етуге жатпайды.
Алматы қаласы полициясының бастығы Арыстанғани Заппаровтың айтуынша, есірткі қылмысымен халықпен бірлесіп күресу керек. Сонда ғана есірткімен күрес ұлттық деңгейде көтеріледі.
Арыстанғани Заппаров халық алдындағы жыл сайынғы Есеп беру кездесуінде ІІМ 2023-2025 жылдарға арналған нашақорлық және есірткі бизнесімен күрес жөніндегі Кешенді жоспарды әзірлегенін мәлімдеді. Жобаның негізгі мақсаты – ұлттық деңгейде әрекет ету, мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдардың кең ауқымын тарту.
«Өткен жылы Алматыда 468 есірткі қылмысы анықталып, есірткі сатудың 132 дерегінің жолы кесілді. Заңсыз айналымнан 715 келіден астам есірткі тәркіленді, оның ішінде 117 келі синтетикалық есірткі, осылайша, біз жалпы сомасы 3,5 миллиард теңгеден астам синтетикалық есірткінің кемінде 1,5 миллион дозасын таратуға жол бермедік. Ағымдағы жылдың үш айында, біз 118 келіден астам есірткі мен 74 тонна прекурсорларды тәркіледік, яғни 8 тонна синтетикалық есірткі немесе 8 миллион бір реттік дозаны өндіруге жол бермедік. Синтетикалық есірткілерді шығаратын 10 есірткі зертханасы жойылды. Өкінішке орай, ойын-сауық мекемелерінде есірткінің таралуының өсуі байқалады. Қызметкерлері есірткі сатумен әшкереленген 4 бар, клубтың қызметін тоқтату және лицензиясынан айыру туралы ұсыныс енгіздік», - деді, Арыстанғани Заппаров.
Сонымен қатар, спикер, Алматыда 95 есірткі бетбелгісін қоюшылардың ұсталғанын хабарлады. Олар есірткіні сатқаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылды және соттармен бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.
«Есірткі тарату және жарнамалаумен айналысқан 590 интернет-сайт анықталды. Бұл ресурстар кәмелетке толмағандар арасында танымал және ашық түрде болғаны алаңдатады. Біздің бастамамыз бойынша олардың барлығы бұғатталды. Біз Интернеттегі жағдайды бақылауды жалғастырамыз және сайттардың қайта жасалуына (қайталануына) жол бермейміз. Сондай-ақ 4 есірткі қоймасының жойылғаны туралы хабарлаймын. Олар бір топ адамның тұрақты тұрғылықты жері бойынша ұйымдастырылған, олар жеңіл жолмен ақша табу мақсатында бірге тұратын кішкентай балаларына қарамастан, нашақорларға есірткі тұтыну үшін үй-жай берген», - деді, А.Заппаров.
Сонымен қатар, Алматы қаласы ПД-нің басшысы еріктілерге, спортшыларға, мәдениет қайраткерлеріне белсенді азаматтық ұстанымдары үшін және есірткінің таралуы туралы ақпаратты қамтитын 10 мыңнан астам граффити жазуларын анықтауға және бояуға көмектескендері үшін алғысын білдірді.
Айтпақшы, есірткіні жарнамалаған 9 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылып, қамауға алынды.