05.04.2023, 22:30

Тараз қаласы екі аумаққа бөлінеді

Фото: Википедия
Сонда көне шаһардағы әлеуметтік мәселелерді шешу де жеңілдей түседі.

Тараз қаласы алдағы уақытта оңтүстік және солтүстік аумақ болып екіге бөлінеді деп жоспарлануда. Бұл туралы Жамбыл облысының əкімі Нұржан Нұржігітов Тараздың 11-округ тұрғындарымен кездесуінде айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Айта кетейік, облыс әкімі бұған дейін де Тараз қаласының аумағын кеңейтіп, әкімшілік аудандарға бөлу мәселесі бойынша кеңес өткізген болатын.

Бас жоспарға түзетулер енгізілген соң ауылдың 44 551 халқы қала тұрғынына айналады. Тараз халқының саны 408 235 болып, қала аумағы 11 755 гектарға ұлғаяды. Солай жалпы ауданы 30 542 гектарды құрайды.

«Жоба жүзеге асқанда Таразда сәйкесінше, бір қала әкімі, екі аудан әкімі болады. Сонда көне шаһардағы әлеуметтік мәселелерді шешу де жеңілдей түседі. Біздің бұл бастамамызға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қолдау білдірді», - деді жұртшылықпен жүздесуде облыс әкімі Нұржан Нұржігітов.

Айта кетейік, қала маңында орналасқан 11-округтің қазіргі таңда 25 мың тұрғыны бар. Келер жылы мұнда үш бірдей мектептің құрылысын бастау жоспарланып отыр.