Әлия Назарбаевадан «ӨКМ операторы» және 13 миллиард теңгені жымқыру ісі бойынша жауап алынбақшы.
Алдын ала тыңдалым Байқоңыр ауданының №2 сотында өтіп жатыр. Айып тағылғандар қатарында Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің бұрынғы вице-министрі Ахметжан Пірімқұлов, "ӨКМ Операторы" ЖШС-нің бұрынғы басқарма төрағасы Медет Құмарғалиев, бұрынғы қаржы директоры Рустам Темірбек және "ӨКМ Операторының" экс-бас директоры, Украина азаматы Светлана Коротенко бар.
Олар "ӨКМ Операторы" ЖШС-де миллиардтаған ұрлық жасады деп айыпталып отыр.
Адвокат Коротенко соттан экс-президенттің кенже қызынан да жауап алуды сұрады. Өйткені ол компанияның нақты құрылтайшысы ретінде ақшаны жұмсау туралы шешім қабылдаған.
"Менің қорғаушым 2016 жылғы 18 мамырдан 2019 жылғы 18 қарашаға дейін "ӨКМ Операторының" бас директоры бола отырып, қылмыстық жоспар құрып, Экология министрлігі мен "ӨКМ Операторының" қызметкерлерін қатыстырып, олардың арасында қылмыстық рольдерді бөліп, сөз байласып, ақшаны ысырап етті деген күдікке ілінді. (...) "ӨКМ Операторы" ЖШС 2015 жылғы 23 қарашада жалғыз қатысушы - Әлия Назарбаеваның шешімі бойынша құрылды, ол да құрылтайшы болды.
Қорғаушы тарап айыптау органы 2016-2019 жылдар аралығындағы кезеңдегі ӨКМ құжаттамасын, құрылтайшылардың, соның ішінде Назарбаеваның шешімін қасақана талап етпеді деп санайды. Ал іс материалында маңызды құжаттар болмауы қорғаушымның іс-әрекетін құқықтық бағалауға әсер етті", - деді адвокат Коротенко.
"Осы іс бойынша алынған зауыт Назарбаеваға тиесілі. Ол заңсыз ақшаға салынғандықтан тәркіленуі мүмкін. Ол (Назарбаева - еск.) біздің іс бойынша ешқандай мәртебеде қаралып жатқан жоқ. Біз одан бірнеше рет жауап алуды сұрадық. (...) Оның мүлкі қамауға алынды ғой", - деді адвокат.
Құжаттарға сәйкес, ӨКМ операторының негізін қалаушы Назарбаеваның бұрынғы хатшысы Шнар Мұқтарова болған. Ал Мұқтароваға қазір іздеу жарияланды, оның қайда екені туралы мәлімет үшін 12 миллион теңге уәде етілген.
Дереккөз: nege.kz