07.04.2023, 09:40

Еуропада ем алып жатқан Жүрсін Ерман елдегі айтыстардың бірінде бой көрсетті

Фото: ©facebook.com/dulat.tastekeyev
Ағамыздың денсаулығы да әлі толыққанды тәуір емес. Дегенмен жігері жұқалмаған.

Швейцарияның Женева қаласында емделіп жатқан Жүрсін Ерман Алматыда өткен айтыста қазылар алқасының қатарынан табылды. Бұл туралы кәсіпкер Дулат Тастекеев өзінің Facebook-тегі парақшасында жазды деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

"Жанкештілік емей немене? 72 жасында сынақ қып берген сырқатты сырғытып артқа тастаса да, ұзақ алған ем-домнан кейін толық қалпына келіп үлгермеген Жүрсін ағамыз Жүрсін Ерман айтыс алаңына келіп, жарқ етіп, жастарға жалын бергендей болды. Ол кісіні көрген кез-келген құлыншақтың көсіліп шауып, Жүрсіннің жүйріктері қатарынан орын алғысы келері анық. Бүгін жастар арасындағы жүйелі түрде өтетін айтыстың 1-ші күні немесе туры басталды. Ертең түстен кейін Алатау дәстүрлі театрында жалғасын таппақ. Айтысқа деген шынайы да нағыз көңілі болмаса, осындай батырлықты Жүрсін ағамыздың істемесі анық. Әркімге шыбын жаны тәтті ғой. Ақылдылығымен абызға айналған ағамыздың бүгінгі бұл қадамын мен ешқандай аңқалдық емес, саф өнерлеріміздің маржаны айтысқа деген махабатының дәлелі деп танимын. Сөйлеген сөзімде “Соңғы 50 жылға жуық жасаған қызметі үшін Жүрсін ағамызға айтыс та, яғни қазақ та қарыздар” дедім. Артық кеттім деп ойламаймын. Қолдарсыздар. Ағамыздың денсаулығы да әлі толыққанды тәуір емес. Дегенмен жігері жұқалмаған. Айтыстың қара нары - Жүрсін Ерманға бақытты да аман-сау ұзақ ғұмыр тілеп қойыңыздаршы. Көп тілегі көл болып, періштелер әумин деп, жаратқан жарылқасын” , – деп жазды кәсіпкер.

Жазбаны көрген желі қолданушылары да ақынның құлан-таза айығып кетуін тілеп, ақжарма тілектерін арнады.

“Аман болсын! Әлі талай қазақтың биікке шығуына, елге танылуына себепкер болып жүре берсін. Денсаулық тілеймін”, “Жүйрік жүрісінен жаңылмайды, қайратты еркек аурумын деп төсекке таңылмайды”деген осы”, “Денсаулығын қалпына келтіріп, айтыстың тізгінін қайта қолға алуын асыға күтеміз”, “Алла шипасын берсін”, – деп жарыса жазды желідегілер.