08.04.2023, 01:30

Жаңа депутаттарға өз бизнесінен арылуға 1 ай мерзім беріледі

фото: tengrinews.kz
Төл компаниясын сенімді басқаруға бермегендер мандатынан айрылады.

Бейресми дерек бойында жаңа сайланған Парламентте кем дегенде 27 бизнесмен депутат бар. Шынайы сан бұдан да көп болуы мүмкін, себебі бейресми табыс табатын қазақстандықтар, мысалы блогерлер, ол кәсібін ресми рәсімдей бермейді, деп хабарлайды inbusiness.kz.

Қалай болғанда, Мемлекеттік қызмет істері агенттігі биліктегілерге өз бизнесін өзгенің басқаруына беруінің нұсқаулық-инструкциясын жазып берді. Бұл ведомство ұсынған "Мемлекеттік қызметшілердің мүлкін сенімгерлік басқаруға беру қағидаларының" жобасында айтылған.

Жариялауға арналмаған жеке әңгімеде бірқатар депутат төл бизнесін, компанияларын өзгенің басқаруына тапсыру үрдісін аяқтамағанын айтып қалды. Себебі, оның біразы партиялық тізімге кіргенімен ақыр соңында мандат тиетініне сенімді болмапты. Ал заңды тұлғаның басшылығын ауыстыру біраз уақыт алады екен. Соның ішінде әділет органдарындағы тіркеуге қатысты рәсімдерді жүргізу, жаңа басшы атынан заңды тұлғаның электронды цифрлық қолтаңбасын алғызу, акционерлері болса, олардың жиынын өткізу және басқа да заңға, қаржыға, келісімшарттарға қатысты процедуралар сақталуы шарт.

Бір мандатты округ бойынша сайланған бір депутат бұдан былай бизнесті депутаттықпен қатар алып жүре алмайтынын аппарат заңгерінің ескертуінен білгенін айтады. 

Демек, егер жаңа депутаттарды немесе Үкімет пен министрліктерге жаңадан келіп жатқан тұлғаларды асықтырмаса, олар уақыт созып жүріп алуы мүмкін.

Осыдан болса керек, билікке жаңадан келген адамдарға компанияларындағы басшылық лауазымнан кетіп, бизнесін өзі сенетін басқа адамның атына жазуға 1 ай ғана мерзім кесілмек.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі түсіндірме жазбасында бұл жобаның тағы бір жаңалығын атады: оған сәйкес, енді мемлекеттік қызметшілердің мүлкін сенімгерлік басқаруға беру тәртібін бұрынғыдай Үкімет айқындамайды. Ол тәртіпті қабылдау құзыреті агенттік деңгейіне беріледі.

Сонымен, депутат өзі қалаған кез келген адамды өз бизнесінің, фирмасының сенімгер басқарушысы деп белгілей алады. Мысалы, кәсіпкерлер 85 жастағы қария атына тіркелген бір ірі компания кейінгі кезде майшелпек тендерлерді ұтып жатқатына назар аудартып жүр. Бұл тұрғыда еш шектеу жоқ. Тіпті белгілі орны, мекен-жайы жоқ адамның атына жазса да қолын қақпайды. Тек сенсе болғаны.

"Сенімгер басқарушы – тиісті шарттың негізінде мемлекеттік қызметшінің мүлкін сенімгерлік басқаруды жүзеге асыратын мемлекеттік қызметші таңдаған кез келген адам", – деп анықтама берілген қағидаларда.

Бірақ бұл депутат бұрынғы табысынан қағылады деген сөз емес, бұрынғы көлемде кіріс алуына жол ашық: "сенімгерлік басқаруға берiлген мүлiктен кiрiс алуына құқығы бар".

Сонымен, жаңа тәртіп бойынша саяси және әкімшілік мемлекеттiк қызметшiлер лауазымға кiрiскен күннен бастап күнтізбелік 30 күн ішінде бизнесін сенімгеріне табыстауы шарт. 

Қандай мүлікті тапсыруға тиіс?

Сенімгерлік басқаруға:

коммерциялық ұйымдардың жарғылық капиталындағы үлестерді; олардағы акцияларды;  пайдаланылуы кірістер алуға әкелетін өзге де мүлікті береді.

"ҚР Парламентi және оның депутаттарының мәртебесi туралы" заңына сәйкес, Парламент депутатына басқа өкілді органның, нақтылағанда, мәслихаттың депутаты болуына, ақы төленетін өзге де жұмысты қоса атқаруына, кәсіпкерлік қызметпен шұғылдануына, коммерциялық ұйымның басшылық органының немесе байқаушы кеңесінің құрамына кіруге тыйым салынған.

Оған тек оқытушылық, ғылыми немесе өзге де шығармашылық қызметпен айналысып, жалақы алуына ғана рұқсат. Салдарынан, депутаттардың біразы қызметінің соңында жаппай профессор, дәріскер, ғалым болып шыға келеді. 

Егер депутат осы тыйымдарды бұзса, немесе бизнесін сенімгерлік басқаруға тапсырмаса не болады? Аталған заң бойынша бұл Орталық сайлау комиссиясының ұсынуымен оның депутаттың өкілеттігін тоқтатуға әкеп соғады. Ақпарат белгілі бола салысымен, мандатынан айрылады. 

Бизнесмен немесе компаниялары бар депутаттар және шенеуніктер мүлікті сенімгерлік басқару шартының нотариус куәландырған көшірмесін нотариат куәландырған күннен бастап 10 күн ішінде жұмыс орнындағы персоналды басқару қызметіне, кадр бөліміне, Мәжілістің аппаратына тапсыруы қажет. 

Ол құжатты ақыры әкелмеген депутаттар табылса, онда алда Мәжілісте мандаттар босап қалуы да ғажап емес.

Егер парламентші төл бизнесі мен компанияларын әйеліне немесе оның шешесіне берсе, бірақ депутат болып жүргенде, онымен жүз шайысып, ажырасып жатса, не болады? Онда бизнесін қайтарып алуына рұқсат. Бірақ бір ай ішінде басқа бір сенімгер басшыны табуы керек. Депутат сенімгерінің өзгергенін, сенімгерлік басқару шарты бұзылғанын 30 күннен кешіктірмей, кадр қызметіне хабарлауға, осы мерзім ішінде басқа тұлғаға сенімгерлік басқаруға табыстап, онымен келісімшарттың нотариалды расталған көшірмесін әкелуге тиіс. Осы бір айлық мерзімде соған қатысты қиындықтарды тегіс еңсеріп, құжат әкеліп үлгермесе, ісін ОСК қарайды. 

Яғни, бизнесі бар депутаттар заң шығарумен айналысу орнына, оның бәрін былай ысырып тастап, өз істерінің шырғалаңына бас қатыруы да ықтимал. 

Қалай болғанда, биліктегі ауыс-түйіс біраз адамды байытуы мүмкін. Экономист Олжас Құдайбергенов айтқандай, депутаттардың әйелдері, балалары, қайын енелері, бауырлары, басқа туысқандары енді тосыннан "табысты бизнесмен" болып шыға келеді. Миллиондаған, тіпті миллиардтаған қаржы тасқыны қолынан өтетін компанияларды басқара бастайды. 

Бір алаңдататыны, жаңа депутаттық корпустың бірінші сессиясын өзі ашқан Президент Қ.Тоқаев дәл осы Парламент "Лоббизм туралы" заңды қабылдайтынын жеткізді. 

"Заңдар мен түрлі ережелерді әзірлеген кезде қаржы-өнеркәсіп топтары, ірі бизнес өкілдері Парламенттегі шешім қабылдауға зор ықпал етеді. Ашығын айтсақ, бұл барлық елге, тіпті, дамыған мемлекеттерге тән жағдай. Бірақ осы үдерісті қоғамнан жасырмай, заңмен реттеу керек, әйтпесе, жемқорлық белең алады. Өркениетті елдерде саясат жабық есік жағдайында астыртын жасалмайды. Сондықтан лоббистік қызметті заңмен реттеудің және оған бақылау жасаудың халықаралық тәжірибесін зерттеу керек", – деді Президент.

Ендеше қазіргі Мәжіліс лоббизмді заңдастырып алса, ал оның депутаттары әйелінің, туысқанының, енесінің бизнесін астыртын емес, "қоғамнан жасырмай", ашықтан ашық қамқорлық жасап, барлық субсидия, артықшылықтар мен мемлекеттік қолдауды соған бағыттап отырса, не болады? Заңда бұл ескерілсе, жөн.

Әйтпесе, депутаттар жаңа Қазақстанды ескі биліктің жемқорлығынан адалайды деп күткен қарапайым сайлаушы төбесінен жай түскендей сұлқ түсіп, бір нүктеге көзін қадаған күйі отырып қалмай ма? Бұл сұраққа әзір жауап жоқ.