$ 488.91  532.62  5

Еліміздің 415 жанармай құю бекетінде дизель отыны жоқ

Кейбір жанармай құю станциялары дизель отынын сатуды әдейі шектеп отыр.
Фото:  Qazaq oil
Фото: Qazaq oil

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың төрағалығымен өткен Үйлестіру орталығының отырысында ішкі нарықты мұнай өнімдерімен, соның ішінде дизель отынымен қамтамасыз ету жөніндегі шаралар талқыланды, деп хабарлады Sputnik.kz

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев қазіргі уақытта республикада 309 мың тонна дизель отынының қоры бар екенін мәлімдеді. Сонымен қатар сәуір айында тағы 441 мың тонна отын өндірілмек. Осылайша, осы айда дизельдің жалпы көлемі шамамен 750 мың тонна, ал болжам бойынша тұтыну көлемі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен ҚТЖ қажеттілігін қоса есептегенде, шамамен 510 мың тоннаны құрайды.

Министрдің айтуынша, 7 сәуірдегі жағдай бойынша 415 жанармай құю станциясында дизель отыны болмаған, бұл – еліміздегі 3 163 нысанның 13%-ы. Энергетика министрлігі тапшылықты тез арада жою үшін жанармай құю станцияларын қосымша отынмен қамтамасыз ету мақсатында өңірлер әкімдігінен өтінім жинады.

Сондай-ақ мемлекет өңдеу кәсіпорындарында өндіріс тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін барлық шараны қабылдап жатыр. Атап айтқанда, Шымкент МӨЗ-ін жөндеу жұмыстары мерзімінен бұрын аяқталып, мұнай өнімдерін жөнелту басталып кетті. Бұл ретте ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен отын тапшылығы бар өңірлердегі жанармай құю бекеттеріне басымдық беріледі.

"ҚазМұнайГаз" ҰК" АҚ басқарма төрағасы Мағзұм Мырзағалиевтің айтуынша, жанармай құю станцияларының иелері баға айырмашылығының қысқарғанын күтіп, мұнай базаларындағы отын қорын жасырып қалып отыр. Осыған байланысты соңғы күндері тапшылық пайда болды. Жеке мұнай базаларында елде бар дизель отыны көлемінің 73%-і жинақталған.
Қаржы вице-министрі Ержан Біржанов өткен аптада 3 мыңнан астам жанармай құю станциясына талдау жүргізілгенін, бұл ретте отын бола тұра, сауда-саттық көлемі азайып кеткен нысандарға ерекше назар аударылғанын айтты. Яғни сатуды шектеу белгілері байқалады.
Еліміз бойынша барлығы осындай 152 жанармай құю бекеті анықталды. Барлық факті бойынша тиісті шаралар қабылданып жатыр.
Роман Скляр өңірдегі штабтар белсенді түрде әрекет етіп, тұрақты рейдтер өткізуі керек екенін атап өтті.
"Алып-сатарлыққа және мұнай базаларында отынды "ұстап тұруға" жол бермеу керек. Өйткені бұл елдің энергетикалық қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. МКК, ҚМА және БҚДА-дан жанармай құю станциясындағы жағдайды бақылауды күшейтуді сұраймын. Жанар-жағармай бола тұрып, оны сатпай отырған нысандар анықталса, оларды заң бойынша жауапқа тарту керек. "ҚазМұнайГаз" және ҚТЖ зауыттардан жоспарланған жанар-жағармай көлемін, әсіресе дизель отынын уақытылы және толығымен жөнелтуді және жеткізуді қамтамасыз етуі қажет", — деді Скляр.
Сонымен қатар отырыста келесі жылу беру маусымына дайындық мәселесі талқыланды.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары

Тегтер:

#жанармай