Наурыз айының соңғы күндерінде Қазақстан Республикасының VIII шақырылымдағы Парламенттің бірінші сессиясының ашылу салтанаты өтті. Жиында Президент жаңадан сайланған депутаттарды құттықтаудан бастап, 2022 жылғы өткен Конституциялық реформалар талабына сәйкес Президент сайлауы, Сенат, Мәжіліс және мәслихаттар сайлауларының сәтті өткендігі туралы пікір білдірді.
Бұл жолғы сайлаудың өзгешелігі сол, партиялармен қатар, азаматтар да бір мандатты округтен өзін-өзі ұсыну мүмкіндігіне ие болуы, партиялар мен үміткерлерге бірдей мүмкіндік берілуі, облыс әкімдері партия бөлімшелеріне жетекшілік етпейтіндігі, жоғары лауазымды қызметкерлердің партия тізімінде болмауы секілді ерекшеліктері болды.
Әрбір партияның ұстанымы идеологиясы тұрғысынан ерекшеленетіндіктен, Мәжіліс түрлі саяси көзқарастағы өкілдермен толықты. Сайлаудағы партиялардың белсенді қызметінің көрінісіне олардың тіркеу мәселесін реттейтін заңнаманың оңтайландырылып өзгеруі де әсерін тигізді.
Сонымен қатар, сайлаудың нәтижелері мемлекетте шынайы көппартиялық жүйенің қалыптасуына деген нақты мүмкіндіктердің бар екендігін танытты. Бұл процестің өзі мемлекетте азаматтық қоғам мен саяси мәдениеттің дамуында үлкен рол ойнайтыны сөзссіз.
Аталған сессияда ҚР Президенті Қ.К.Тоқаев Парламенттің алдағы уақытта атқаратын жұмыстары туралы негізгі сегіз басымдылықты атап өтті:
БІРІНШІ. Іскерлік белсенділікті ынталандыру. Экономиканы монополиясыздандыруды, трансферттік баға белгілеуді, халықаралық салық салуды, субсидиялар мен мемлекеттік ресурстарды бөлуді бақылауды қамтамасыз ететін нақты және тиімді құралдарды енгізу шаралары қолға алынуы тиіс.
ЕКІНШІ. Еліміздің өндірістік әлеуетін арттыру. Қазақстан экономикасын әртараптандыру үшін энергетикалық тиімділік жоспарын әзірлеу және ғылыми жаңалықтарды өндірісте пайдалану қажет.
ҮШІНШІ. Инфрақұрылымды дамытуға қатысты ұстанымдарды қайта қарастыру. Мұндағы мақсат адамдардың өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау, шекаралас аймақтардың экономикалық дамуына тың серпін беру.
ТӨРТІНШІ. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Агроөнеркәсіп кешені саласындағы «Ауыл – ел бесігі», «Ауыл аманаты» жобаларындағы мақсаттардың толық жүзеге асырылуын қадағалау, су мәселесін шешу мақсатында Су кодексінің жаңа жобасын әзірлеу, ауыл шаруашылығы саласына қатысты сапалы заңдардың қажеттілігін нақтылау секілді жұмыстар атқарылуы тиіс.
БЕСІНШІ. Адам капиталының сапасын арттыру. Білім беру, денсаулық сақтау жүйесін және мәдениет саласын дамыту (ғылым-білімнің жаңа мүмкіндіктерін пайдалану, ұстаз мәртебесін арттыру, медицина қызметкерлерінің құқығын қорғау, саламатты өмір салтын насихаттау, балалардың спортпен айналысуына жағдай жасау, еліміздің мәдени құндылықтарын сақтау және насихаттау жұмыстарын жүзеге асыру).
АЛТЫНШЫ. Әлеуметтік тұрғыдан көмекті қажет ететін топтағы азаматтарды қолдау. Ерекше қажеттілігі бар және асыраушысынан айырылған азаматтарға мемлекеттік қолдау көрсету.
ЖЕТІНШІ. Адам құқықтарын қорғау жүйесін күшейту. Заң үстемдігі қағидатын сақтау, адвокаттардың рөлін арттыру, азаматтардың өз құқықтарының қорғалуына сенімді болуы және заң қызметтеріне қолжетімділіктің тең болуын қамтамасыз ету.
СЕГІЗІНШІ. Мемлекеттік басқарудың тиімділігін және стратегиялық жоспарлаудың сапасын арттыру. Мемлекеттік қызметтің үйлесімді үлгісіне көшу және жұмысты ұйымдастыру мәдениетін қайта жаңарту, мемлекеттік қызмет көрсетуде «ақылды технологияны» пайдалануды жүзеге асыру қажет. Сонымен қатар, «Қазақстан – 2050» стратегиясын жаһандану талаптарына сәйкес қайта қарастыруы керек.
Парламенттің атқарып отырған жұмысы халыққа қолжетімді болуы арқылы ашық саясат жүргізудің жаңа стандарттарын қалыптастыруға негіз бола алады. Бұл жағдайдың өзі «Халыққа құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының жүзеге асырылғандығын және еліміздегі демократиялық дамудың жаңа бір сатысына қадам басқандығын білдіретіні анық.
Мейрамкул Исаева
PhD докторы
Саяси зерттеулер орталығының ғылыми қызметкері,
Қоғамдық саяси ғылымдар Академиясы (ҚСҒА) жанындағы
Жас сарапшылар платформасының қатысушысы.