11.04.2023, 21:30

Эльмира Сыздықова әйелдер күресінен Азия чемпионы атанды

Фото: olympic.kz
Қазақстандық балуан қарсыласынан жинақы қимыл көрсетті. Нәтижесінде қарсыласын жеңіп, Азия чемпионы атанды.

Бүгін Астана қаласында өтіп жатқан әйелдер күресінен Азия чемпионатында қазақстандық Эльмира Сыздықова (76 келі) "алтын" алды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Құрлықтық додада ол финалда қырғызстандық Айпері Медетқызымен шеберлік байқасты.

Қазақстандық балуан қарсыласынан жинақы қимыл көрсетті. Нәтижесінде қарсыласын жеңіп, Азия чемпионы атанды.

Құрлықтық бәсекеде алғашқы белдесуінде ол өзбекстандық Озода Зарипбаеваны мерзімінен бұрын жеңіп кетті. Одан кейін қытайлық Хуан Вангті ұпай санымен қапы қалдырды.

Айта кетсек, Э. Сыздықова биыл еліміздің VI жазғы Спартакиадасында топ жарды. Эльмира осыған дейін Азия чемпионатында 1 алтын, 2 күміс, 3 қола алған еді.

Еске салсақ, бұған дейін ел құрамасынан Марина Седнева (55 келі) 3-орын үшін сайыста Нгуень Ти Май Трангты жеңіп, қола жүлде алды.

Сондай-ақ, Елена Шалыгина (68 келі) 3-орын үшін сайыста тағы Мээрим Жуманазаровадан басым түсіп, тағы бір қоланы қоржынға салды.

Ал Диана Каюмова (59 келі) қола жүлде үшін сайыста қырғызстандық Калмира Билимбекқызынан жеңіліп қалды.

Енді 12 сәуірде әйелдер күресінен 53, 57, 62, 65, 72 келі салмақта балуандар бақ сынайды.