14.04.2023, 01:30

Еркін күрес балуандары Азия чемпионатын 2 алтын, 1 қола медальмен бастады (ВИДЕО)

Фото: inform. kz
Отандастарымыз қарсыластарының осал болмағанын айтты.

Астана қаласында күрес түрлерінен өтіп жатқан Азия чемпионатында еркін күрес балуандары 2 алтын, 1 қола медаль жеңіп алды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

Мәдениет және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясының хабарлауынша, бүгін бес салмақтың екеуінде Мадияр Құрамысовтың шәкірттері қарсылас шақ келтірмей, жанкүйерлерді қуантты.

Күндізгі сессия қорытындысы бойынша барлық салмақтағы ұлттық құраманың балуандары кешкі сессияда жүлдеге таласуға мүмкіндік алды. Оның ішінде финалға екі спортшы шықты.  

Санжар Досжанов 1/8 финалда кореялық Сук Хон Паркты таза ұтты. Сосын қырғызстандық Орозобек Токтомбетовті өте тартысты белдесуде жеңді. Негізі кездесу 4:4 есебімен тең аяқталған еді. Соңғы ұпайды отандасымыз алған соң, ол келесі кезеңге жолдама алды. Осыдан кейін Санжар ирандық Мортеза Хассанәліден айласын асырып, финалға шықты. Ал алтын жүлде үшін күресте ол Өзбекстанның өкілі Зафарбек Отакхоновқа еш мүмкіндік берген жоқ. Жалпы, бұл Санжар Досжановтың (70 кг) халықаралық додадағы алғашқы жүлдесі болды.

Былтыр осы салмақта Моңғолияда өткен Азия чемпионатында Сырбаз Талғат қола жүлдені жеңіп алған болатын.

Ал 79 кг дейінгі салмақта Болат Сақаев сенсация жасады. Ол ширек финалда жапониялық Яджуро Йамасакиді, одан кейін ½ финалда ирандық Амирхосейін Мортеза Каваузиді ұтып, финалда осы салмақтағы көшбасшының бірі, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері (74 кг), екі дүркін Азия ойындарының чемпионы, екі дүркін Азия чемпионы Бекзод Абдурахмоновтан басым түсті. Былтыр осы салмақта Моңғолияда өткен құрлық бәсекеде Қазақстанға медаль бұйырмаған болатын.

Қола медаль үшін күрескен үш балуанымыздың арасынан тек Рахан Қалжанның ғана жолы болды. Ол моңғолиялық Занабазар Зандабудты соңғы сәтте жеңді.

Рахат Қалжан сары құрлық бәсекесін ширек финалдан (57 кг) бастаған еді. Ол Алмас Сманбековті жеңе алмай, жұбаныш белдесуінде күресті. Онда отандасымыз Мұхаммед Билактан айласын асырды. Рахат Қалжан былтыр Моңғолия астанасында жалауы желбіреген Азия чемпионатының финалында үндістандық спортшыдан ұтылып қалған.

Бүгін тағы Мұхтар Санжар (65 кг) мен Бекзат Үркімбай (97 кг) қарсыластарына есе жіберіп, өз салмағында бесінші орыннан  көрінді. 

Ертең –  Азия чемпионатының соңғы күні. Балуандар 61, 74, 86, 92 және 125 келіге дейінгі салмақта күреседі. Қазір Қазақстан құрамасының қоржынында 5 алтын, 2 күміс пен 9 қола жүлде бар. Жалпы есепте Иран көш бастап тұр (6 алтын, 2 күміс пен 3 қола). Одан кейінгі сатыда бір алтын жүлдесі кем Жапония мен Қазақстанның ұлттық құрамасы жайғасты.

Еске сала кетсек, былтыр Моңғолияның астанасы - Ұлан-Батырда өткен Азия чемпионатында Қазақстан балуандары барлығы 5 алтын, 8 күміс және 8 қола медаль иеленген болатын. Қазақстан спортшылары 10 алтын жүлдеден алған Жапония мен Иранға есе жіберген.