Билли Джин Кинг кубогінің (командалық әлем чемпионаты) іріктеу кезеңі аясында өтіп жатқан Қазақстан – Польша матчында Елена Рыбакина есепті 2:0-ге жеткізді, деп хабарлайды Massaget.kz.
Қазақстанның бірінші, әлемнің 7-ракеткасы Елена Рыбакина дүниежүзілік рейтингте 253-сатыда тұрған 22 жастағы Вероника Фальковскамен кортқа шықты.
Бұл олардың өзара алғашқы кездесуі еді.
Бірінші партияда есеп 4:3 болған мезетте қазақстандық теннисші брейк жасай алды. Содан кейін сетке доп бергенде, өз мүмкіндігін жіберген жоқ – 6:3.
Екінші сетте Рыбакина брейкпен алға кетті – 4:2. Дегенмен Вероника Фальковска есепті теңестірді – 4:4. Бұдан соң Елена брейкпен бірге матчқа доп бергенде, қателескен жоқ – 6:4.
Осылайша, Қазақстан Польшамен матчта 2:0 есебімен алға шықты.
Польшамен матчта 15 сәуір күні үш бәсеке жоспарланған. Қазақстанға әлем чемпионатына жолдама алу үшін енді бір жеңіс жетіп жатыр.