17.04.2023, 01:30

«Депутаттар тұрғындардың мұң-мұқтажын тыңдауын сұраймыз» - астаналықтар наразылыққа шықты

Фото: SN.kz
Астананың өмірі жайлы және қауіпсіз болуы керек.

Астанадағы «Қалалық романс» кешенінің тұрғындары үй іргесінде салынып жатқан көпқабатты үйдің құрылысына қарсы. Әу баста бұл жер учаскесінде саябақ салу жоспарланған. Қазір бұл маңда тұрғындар серуендейтін, балалар ойнайтын жер жоқ, деп хабарлайды Skifnews.kz ақпарат агенттігі.

Тұрғындардың айтуынша, бұл жерге 9-12 қабатты тұрғын үй бой көтерсе сорғы-сүзгі станциясы мен басқа да қызметтер қосымша жүктемені көтере алмайды. Қазірдің өзінде күнделікті су беруде және кәріз жүйесінде көптеген қиындықтар бар.

«Білесіз бе, Президент жолдауында ол тығыздалған құрылысты тоқтату туралы нақты нұсқау берді. Біз екі жылдан бері көп нүктелі дамуға қарсы күресіп келеміз. Мұнда инженерлік желілер қарастырылмаған. Бастапқыда Целиноград 250 мың адамға есептелген болса, қазір халық саны 1,5 миллионға жетті. Біріншіден, Астананың өмірі жайлы және қауіпсіз болуы керек. Мұнда барлығы жұмыс істейді, барлығы салық төлейді. Балаларымыздың жайлы оқып, балабақшаға барғанын, ауданымызда аман-есен жүргенін қалаймыз», - дейді Ажар есімді тұрғын.

Тұрғындардың бірі мектеп қажетін айтса, тағы бірі халық тығыз қоныстанған ауданда балабақша жетпейтінін айтты.

«Мұнда тұратын бірде-бір тұрғын қоғамдық тыңдауларға қатысқан жоқ, заңбұзушылықтар орын алуда. Мемлекетіміз «тыңдаушы мелекет» саясатымен келеді. Егер солай болса, әкімдік өткізетін қоғамдық тыңдаулардың әрбір күн тәртібіне тұрғындарымыздың да кіргенін қалаймыз. Сондықтан әкімдік пен жаңадан сайланған депутаттар тұрғындардың мұң-мұқтажын, тілегін тыңдауын сұраймыз», – деді тұрғындардың бірі.

Тұрғындар жаңа бас жоспарды және егжей-тегжейлі жоспар жобасын қайта тексеруді, сондай-ақ қаланың сәйкестік стандарттарын тексеруді талап етіп отыр.