17.04.2023, 11:40

Арыстанбек Мұхамедиұлы қалың қарға байланысты сотқа келе алмай қалды

фото: stan.kz
Арыстанбек Мұхамедиұлының соты басталды.

Астанада Арыстанбек Мұхамедиұлына қатысты басты сот отырысы басталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Сот отырысы Байқоңыр аудандық №2 сотында өтіп жатыр. Істі судья Бағлан Ыдырысов қарайды. Арыстанбек Мұхамедиұлы сот отырысына №64 мекемеден онлайн режимде қатысады.

"Бүгін сотталушы ауа райына байланысты онлайн қатысады, кейін офлайн режимде қатысады", - деді судья Бағлан Ыдырысов.

Еске салайық, 2022 жылғы мамырда Арыстанбек Мұхамедиұлы қамауға алынғаны белгілі болды. Ол кезде Мұхамедиұлы ұлттық музейді басқарып тұрған еді. 28 мамырда сот санкциясымен Мұхамедиұлына қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы тағайындалды.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет "Әлем мұражайлары бойынша алтын адам шеруі" халықаралық көрмесін өткізу бойынша мемлекеттік сатып алу туралы шарт шеңберінде 146 миллион теңге мөлшерінде бюджет қаражатын жымқыру дерегіне қатысты ұлттық музейдің лауазымды тұлғаларына және басқа да адамдарға қатысты тергеуді бастады.