17.04.2023, 15:00

Ақтөбеде жүргізуші куәлігі жоқ жігіт оқушыны қағып, оқиға орнынан қашып кеткен (ВИДЕО)

Жүргізуші 2 жылға дейін бас бостандығынан айырлуы мүмкін.

Ақтөбеде жүргізуші оқушыны автокөлікпен қағып, оқиға орнынан қашып кеткен, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«14 сәуір сағат 22:40 шамасында Әбілқайыр хан даңғылы мен Пацаев көшесінің қиылысында Ваз-2114 автокөлігі бағдаршамның тыйым салу сигналына жолды өтіп, кәмелетке толмаған жаяу жүргіншіні қағып кетіп, ЖКО болған жерден қашып кетті.

Салдарынан 17 жастағы жасөспірім ауруханаға жеткізілді», - делінген хабарламада.

Полиция қызметкерлері іздеу іс-шараларын жұргізу барысында автокөлікті Әбілқайыр хан даңғылындағы көпқабатты үйдің ауласынан әйнегі, бампері, капоты зақымданған күйінде тапты. Автокөлік арнайы автотұраққа қойылды. Сондай-ақ, көлік жүргізушісі анықталды, ол жүргізуші куәлігі жоқ 18 жастағы жас жігіт болып шықты.

ҚР ҚК 345-бабы 2-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жұргізілуде. Жүргізуші 2 жылға дейін бас бостандығынан айырлуы мүмкін.