$ 441.58  480  4.86

«Тәліптер Қазақстандағы Ауғанстан елшілігін басқарады» – министрлік

Біз оларды тіркеу жөнінде шешім қабылдадық.
Фото: Global Look Press/Xinhua
Фото: Global Look Press/Xinhua

Қазақстан Ауғанстанның жаңа әкімшілігі дипломаттарын аккредиттейтін болды. Бұл туралы БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен брифингіде ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ауғанстанның жаңа әкімшілігі бізге дипломаттарды аккредиттеу туралы өтініш жолдады. Біз оларды тіркеу жөнінде шешім қабылдадық. Айта кетейін, 2021 жылдың тамызында бұрынғы режим құлаған соң елде «билік вакуумы» пайда болды. Ауғанстан Ислам Республикасының шетелдегі елшіліктері бұл мемлекеттің атынан өкілдік етуін тоқтатты», - деді Айбек Смадияров.

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Ауғанстан мәселесі әлі де халықаралық қауымдастықтың қызу талқылауында болатынын атап өтті.

«Кеше Самарқан қаласында Ауғанстанмен көршілес елдердің кезекті кездесуі өтті. Біз Ауғанстанның біртұтас болғанын әрі көркейгенін қолдаймыз. Ауғанстанның жаңа әкімшілігі өкілдерінің бізге келуі – мойындау дегенді білдірмейді. Бұл мәселе БҰҰ-ның құзырында қалады», - деп атап өтті Айбек Смадияров.

Сонымен бірге, ол осындай миссиялар Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Ресей, Қытай, Қатар, Біріккен Араб Әмірліктері және Пәкістанда бар екенін еске салды.

Айта кетейік, 2021 жылы Ауғанстанның билігіне келген «Талибан» - Қазақстанда тыйым салынған ұйымдар қатарына жатқызылған.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары