ҚР Энергетика министрлігінің басшысы Алмасадам Сәтқалиев Қазақстанда сұйытылған газ бағасы қымбаттауы мүмкін екенін айтты деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Үкіметтің кеңейтілген отырысынан кейін тілшілер сауалына жауап берген Алмасадам Сәтқалиев еліміз алдағы уақытта газ тапшылығын сезіне бастауы мүмкін деген пікірін білдірді.
«Сарапшылар айтып жүрген болжаммен келісуге мәжбүрміз. Біз қазірдің өзінде көліктерді жаппай қайта жарақтандыруға, бензин мен дизельден сұйытылған мұнай газын пайдалануға көшіп жатқан үрдісті байқап отырмыз. Оның үстіне, Қазақстанда сұйытылған газ өндірісі айтарлықтай шектелген. Біз оны ТШО компанияларына жыл сайын сұраныс жіберіп, экспорттық ағындарды ішкі нарыққа бағыттау арқылы жауып отырмыз. Қазір сұраныс артып келеді, бүгінде тек ішкі тапшылықты жою үшін ондаған мың тонн қажет болып отыр», - деді ол.
Оның айтуынша, мәселе негізінен газ бағасына байланысты.
«Баға мәселесін біз үнемі айтып жүрміз. Яғни қазір құны 70 теңгеден асатын болса, сату бағасы – 50 теңге. Компаниялардың шығынмен жұмыс істеп жатқаны анық. Салыстыру үшін айтсақ, Ресейде баға екі есе жоғары – шамамен 120 теңге , Тәжікстанда – 177 теңге. Оларда нақты нарық бағасымен сатылып жатыр. Әлемдік тәжірибені негізге ала отырып, сұйытылған газды көлікке отын ретінде пайдалануды ынталандыру газды мол өндіретін елдер бензин бағасының 70% коэффициентін қолданады. Бұл өте тиімді экономикалық тетік», - деді министр.
Оның айтуынша, Қазақстанда баға айырмашылығы айтарлықтай үлкен.
«Қазір көліктерін газға ауыстырып жатқан автокөлік жүргізушілері бағаның көтерілуі мүмкін екенін түсінуі керек. Оған себеп болып отырған экономикалық, газ тапшылығына байланысты, болашақта қымбатырақ газды импорттау немесе ішкі нарыққа экспорттық бағамен газ жеткізу қажеттілігі сияқты көптеген фактор бар», - деді А. Сәтқалиев.
Ол газ бағасын қаншалықты көтерілетініне қатысты пікірін айтты.
«Бұл Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің құзырындағы мәселе. Алғашқы өсім шамалы болатыны анық, әлеуметтік жағдайға қарап 5-10 теңгеден артық болмауы мүмкін деп ойлаймын. Бірақ содан кейін Мемлекет басшысы айтқандай, өзіндік құнына жететінімізді нақтыланады. Үкiмет Агенттікпен, депутаттармен бiрлесiп, үш жылдың iшiнде, немесе төрт, екi жылдың iшiнде нарықтық бағаға ауысамыз деген мерзiмдi белгiлiп қойса, осы уақыт iшiнде есеп-қисап жасала салысымен, біз баға динамикасын ұсынамыз», - деді ол.