Түркиядағы атыс кезінде қазақстандық азамат жараланған. Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, қазір ол Ыстамбұлдағы ауруханалардың бірінде жатыр, деп хабарлайды КТК арнасы.
Телеарнаның хабарлауынша, оқиға кеше Чекмекёй провинциясында болған. Көпқабатты үйлердің бірінің жанында белгісіз екі адам оқ жаудырған.
Сыртқы істер министрлігінің мәліметінше, 31 жастағы қазақстандық азамат оқыс оқиға кезінде сол жерде кездейсоқ болып, оқтың бірі оған тиген.
Ведомство ер адамның консулдыққа хабарласып, жарақаты туралы айтқанын мәлімдеді.
Қазақстандық дипломаттар оны Ыстамбұлдағы ауруханалардың біріне жеткізді. Сонымен қатар қазақстандықтың Түркияда отбасымен бірге болғаны белгілі болды. Ол екі жасар қызын емдетуге әкелген.