Астанадағы Dublin тұрғын үй кешенін сүру кезінде туындаған жанжалдың видеосы желіде тарады деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Видеодан арнайы техника жүргізушілері және жұмысшылар арасында дау туындағанын көруге болады. Кейін құрылыс бригадасының мүшесі экскаваторға мініп, жүк тиеуге арналған бульдозерді аударып тастайды.
Әділет департаменті басшысының орынбасары Азамат Бердібековтің сөзінше, бастапқыда сот шешімімен тұрғын үй кешенін құрылысты жүргізген Stroy Group kz-2021 компаниясы сүруі керек болған. Алайда ескертуді елемегендіктен, бұл міндет сотқа арызданған Жанармай-энергетикалық кешені басқармасына жүктелген.
"Бұл қаулы негізінде бүгін арнайы техника мен жұмысшыларды жұмылдыра отырып үкімді жүзеге асыру туралы шешім қабылданған. Алайда жүргізуші сүру жұмыстарын бастауға кедергі келтірді", – деді Азамат Бердібеков.
Ал Астана полиция департаментінің мәліметінше салынып жатқан тұрғын үй кешенінің қоршауын бұзу кезінде жүк тиегіш көліктің жүргізушісі кедергі келтірген.
"Полиция қызметкерлері оның әрекеті заңсыз екенін түсіндірсе де, ол бағынған жоқ. Полицейлердің заңды талабына бағынбағаны үшін жүргізушінің үстінен әкімшілік іс қозғалды. Соңғы шешімді сот шығарады", – делінген хабарламада.
Кейін қос тарап келісімге келген. Енді тұрғын үй кешенін Stroy Group kz-2021 ЖШС өзі бұзады. Сәйкесінше сүру жұмыстары тоқтатылды. Дегенмен нақты шара қабылданбаса, сот орындаушысы үйді бұзу жұмыстарын қайта қолға алады.