22.04.2023, 14:30

Теміртауда жаяу жүргіншіні көлік қағып өлтірді

Фото: pixabay
20 жастағы жігіт басқарып келе жатқан «Hyundai Creta» көлігі қағып кеткен.

Теміртауда 40 жастағы тұрғынды көлік қағып, мерт қылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қайғылы оқиға 21 сәуір күні 21.25 сағат шамасында Теміртау қаласындағы Чернышевский көшесінің бойында болған. Жаяу жүргіншілер өтуге болмайтын жерден жолды қиып өткен жолаушыны 20 жастағы жігіт басқарып келе жатқан «Hyundai Creta» көлігі қағып кеткен.

«Жол-көлік оқиғасының салдарынан 40 жастағы жаяу жүргінші оқиға орнында мерт болды. Аталған дерек полицияда тіркелді. Тиісті сараптамалар тағайындалып, қорытындысы бойынша нақты процессуалдық шешім қабылданатын болады. Полиция департаменті жол қозғалысы қатысушыларынан жол жүру ережелерін қатаң сақтауға шақырады», - деп мәлімдеді Қарағанды облысының ПД баспасөз қызметі.