25.04.2023, 18:20

80 жастағы Джо Байден алдағы президент сайлауына түсетінін мәлімдеді

Фото: azattyq-ruhy.kz
Ол АҚШ-тың 46-президенті.

АҚШ президенті Джо Байден 2024 жылы қайта сайлану үшін өзінің үміткерлігін ресми түрде жариялады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

The Guardian басылымының жазуынша, ол төрт жыл бұрын, елде «өлім жағдайы көбейген пандемияда» және экономика мен демократияға қауіп төніп тұрған уақытта бастаған істерін аяқтағысы келетінін мәлімдеді. 

АҚШ президенті YouTube-те жариялаған үш минуттық бейнежазбасында биліктегі алғашқы жылдарын демократия мен бостандық үшін күресумен өткізгенін айтады.

«Мен төрт жыл бұрын президенттікке үміткер болған кезде «біз Американың рухы үшін күресіп жатырмыз деген едім. Біз әлі солай ете береміз. Сол үшін мен сайлауға қайта қатысамын», - деді Джо Байден.

Айта кетсек, Джо Байден 80 жаста және ол АҚШ-тың 46-президенті. 2020 жылғы сайлауда оның басты қарсыласы Дональд Трамп болды, алайда Трамп 46,9% дауыс жинап, 51,3% дауыс жинаған Байденнен жеңіліп қалған болатын.