Елорданы сумен қамтамасыз ету үшін Қаныш Сәтбаев атындағы арнадан суағар тартылуы мүмкін. Бұл туралы Сенаттың «Өңір» депутаттық тобының отырысында Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі су ресурстары комитетінің төрағасы Нұрлан Алдамжаров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Астана қаласының әкімдігі қаланы ауыз сумен балама қамтамасыз етудің бірнеше нұсқасын пысықтап жатыр. Бірінші нұсқа – Қаныш Сәтбаев арнасынан Астанаға дейін суағар тартып, №4 сорғы стансасын салу. Өздеріңіз де білетіндей, қазір әкімдік 3 станса салып жатыр. Осы жылдың соңына дейін құрылыс жұмыстары аяқталады», - деді комитет төрағасы.
Оның атап өтуінше, қазіргі уақытта аталған суағардың жобалық-сметалық құжаттамасы мен техникалық-экономикалық негіздемесі жасалып жатыр.
Бұл жұмыс 2028 жылға қарай аяқталмақ. Жобаның алдын ала болжамды құны - шамамен 300 млрд теңге.
Ұзындығы шамамен 200 шақырым суағар салынады.
«Бүгінде Сәтбаев арнасы толық қуатының 30 пайызына ғана жұмыс істеп тұр. Яғни, онда қазіргі уақытта қор бар және оны Астананы сумен қамтуға жіберуге болады. Арна үнемі жұмыс істейді. Өздеріңіз де бұл арнаның бассейнаралық екенін білесіздер. Ол суды Ертістен алып, Қарағанды облысындағы Нұра өзеніне құяды. Сондықтан су қорына қатысты мәселе көтеріліп отырған жоқ. Балама су көзіне қатысты мәселе шешіледі. Бүгінде қала үшін қатерлі ахуал жоқ. Белгілі бір тапшылық бар. Бірақ, оны шешуге болады. Қазір Астана тұтыну мақсатында жылына шамамен 90 млн текше метр су пайдаланады. Оны Астана су қоймасынан алады. Оның көлемі бүгнде 410 млн текше метрді құрайды және де балама нұсқа салғанға дейін белгілі бір қор болады», - деді Нұрлан Алдамжаров.