21.04.2023, 14:14

Жаңа өмір, жаңа жыл, жаңа күнмен көрісу

Фото: egemen.kz
Амал мерекесі деп те айтылатын бұл күннің берер тәрбиесі мол.

Қылышын сүйретіп келген қыстың қаҺарына шыдап, одан аман-есен шығу – мереке. Жер-ананың бусанып, ақ көрпесін тастауы – тағы бір жаңа өмірдің бастауы. Жердегі жәндіктен бастап, ақыл ойымен ерекшелентін адамзат баласына дейін жанданып, тіршілікке құмартуы қуаныш сыйлайды. Қуанышпен бөліспекке керек. Сол мақсатта сонау ата-бабамыздан мағзұм болып келе жатқан мейрам бар. Ол 14 наурыз – Көрісу күні. Бұл туралы Skifnews.kz ақпарат порталы жазды.

Әсіресе, еліміздің батыс өңірлерінде кеңінен етек жайған ежелгі дәстүр. Оның ішінде, Атырау, Ақтау, маңғаз Маңғыстау жерлерінде ерекше сақталған. Бұл күннің тарихы мен тәжірбиесіне, мәні мен мағынасына дұрыстап үңілер болсақ, тұтас Қазақстан тойлайтындай-ақ мереке. Жаңа жылды қалай сән-салтанатымен қарсы алсақ, Көрісу күнін де одан артық болмаса, кем атап өтпеуіміз керек. Сөзімізге дәлел болатын факторлар да жоқ емес. 

Амал мерекесі деп те айтылатын бұл күннің берер тәрбиесі мол. Кішіні ізеттілікке, үлкенге құрмет көрсетуге үйретеді. Жас буын мен қариялар арасындағы сыйластықтың әдемі көрінісіне куә болуға болады. Себебі, 14 наурыз күні болмаған немесе сырт жақта жүрген кез келген адам ауылға жолы түскен бойда қариялардың қолын алып, сәлем беруі тиіс. Сәлем беру – сөздің анасы. Қолын алып көрісе отырып, жақсы тілектер тіленеді. Жақсы сөз қашан да жарым ырыс екені барлығымызға бесенеден белгілі.

Сондай-ақ, бұл күнде өкпе-ренішке орын жоқ. Араздасқандар достасып, бірінің үйінен бірі дәм татады. Таңның атысымен әрбір шаңырақ ақ дастарқанын жайып меймандарды күтеді. Үйге енгендер бір-бірінің қолынан қысып, «Бір жасыңмен!» деп құттықтайды. Оның астарында «Бір жылға есеюіңмен! Қыстан аман шығуыңмен! Жаңа жылға, жаңа өмірге жетуіңмен!» деген игі-тілектер жатыр. Дастарқаннан дәм ауыз тиюдің де өз тәрбиелік мәні бар. Жыл бойы балаларымыз тоқ жүрсін, асымыз аралас болсын, қарым-қатынасымызға сызат түспесін деген ниеттен туған. 

Жаңа күнді осындай өнегемен, жаңа жылды осындай көрегендікпен қарсы алып, оған жоғарыдағыдай ниет пен амал көрсету – қазаққа ғана тән құбылыс. Бір ғана көрісу күнінің ғасырға бергісіз тағылымы бар. Өскелең ұрпақты хабардар етіп, мерекенін мәнін түсіндіру бабаларымыз қалдырған міндет. Тек батыс жерінде ғана емес, күллі қазақ елінде атойлататын жаңа күн, жаңа өмір туа берсін. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та жыл сайын бұл мейрамды ұмыт қалдырмай, керісінше ұлықтауға шақырады. Амал мерекесі келіп жеткенде ел тұрғындарына ізгі ниетін білдіріп, жағымды тілектерін жолдайды. Осы жылы да сол әдетінен жаңылмай өзінің Twitter парақшасында құттықтау жариялады:

«Барша Қазақстан халқын бүгінгі Амал мерекесімен құттықтаймын! Көктемнің алғашқы лебін ала келетін бұл күнді жұртшылық ежелден асыға күткен. Елдік пен ынтымаққа шақыратын осы мейрам – ұлтымыздың бауырмалдық салтының жарқын көрінісі. Жыл берекелі болсын, ағайын!".

Ел президентінің жыл сайын жалғасын тауып келе жатырған бұл құттықтау сөзі жоғарыда айтылған тоқсан ауыз сөзіміздің тобықтай түйіні, тұздығы, дәлелі  болуға әбден лайық.