20.01.2017, 04:06

Шымкенте қалта ұрлығын кәсіп еткен ер азамат ұсталды

Күдіктінің 20-дан астам адамның қалтасына түсіп, барлығы жарты миллиондай теңгені қолды қылғаны анықталып отыр. 46 жастағы азамат қазір қамауға алынған.

Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық полиция бөліміне қаланың 42 жастағы тұрғыны шағымданған. Ол өз арызында көрсеткендей, қоғамдық көлікте белгісіз біреу оның 16 жастағы қызының ақша толы әмиянын қолды етіпті.

Шұғыл іздеу шаралары барысында тәртіп сақшылары 1971 жылы туған күдіктіні қолға түсірді. Ол бұған дейін де сотты болған екен. Тергеу барысында тағылған айыптарды толық мойындаған.

Полицейлер ұсталған азаматтың бұған дейін дәл осындай 20-дан астам қылмысқа қатысы бар екенін анықтады. Жәбірленушілерге келтірілген шығын 500 мың теңгеден асады.