Қырғызстан парламентінің депутаты Өмірбек Текебаев Бішкекте апатқа "Боинг-747" ұшағына қатысты шындықты қырғыз үкіметі жасырып отыр деп мәлімдеді. Бұл туралы kloop.kg порталы хабарлап отыр.
Өзінің тосын мәлімдемесін депутат парламенттің кезекті отырысында айтқан. "Ата-Мекен" фракциясының жетекшісінің айтуынша, апатқа ұшыраған әуе көлігі Қырғызстанға жүк жеткізу үшін қонбақшы болған екен.
Текебаев ұшақтың иесі саналатын түркиялық компаниямен хат алмасқан. Компания өкілдері "Бойнгтың" Бішкекке жанармай құю үшін қонбағанын мәлімдепті. Өйткені, алып ұшақ 13 мың шақырымға дейін тоқтаусыз ұша алады. Депутаттың пайымдауынша, ұшақта Қырғызстанға арналған контрабандалық жүк болған.
"Онда контрабандалық жүк болғаны анық. Қазақтар мен ресейліктердің бізге сенбеуін түсінуге болады. Өйткені, бізде тесіктер көп, жермен де, әуемен де жүк тасымалдана береді. Тұрғындарымыздың өмірін қиған бұл сонда қандай жүк болды? Бізден нені жасырып отыр? Біз мұның бәрін анықтауымыз керек", - дейді депутат.
Оның айтуынша, елде контрабандалық жүктен пайда тауып отырған шенділер бар. Сондықтан, кінәлілерді анықтап, оларды тезірек жазалау керек дейді Текебаев. Бұған дейін аталған ұшақтың тұрмыстық техника мен телефондар тасымалдағаны айтылған болатын.