04.05.2023, 16:00

«Метис»: Ninety one тобының мүшесі әйелімен қалай танысқанын айтып берді

Фото: instagram.com/xcialem
Оны "Қазақша сөйле" деп мәжбүрлемеймін.

Ninety one тобының мүшесі, көпшілікке Alem лақап есімімен танымал Батырхан Мәліков алғаш рет әйелі жайлы айтты. "1001 түн" бағдарламасында әнші жігіт жұбайы мен ата-анасының қарым-қатынасы туралы баяндап берді, деп жазады KAZ.NUR.KZ.

"Той жасалған жоқ. Үйге алып барып, туысқандарға кішігірім беташар жасадық. Сонымен болды ғой. Сәті түсіп жатса, ыңғайлы болып жатса, неге той жасамасқа? Жалпы өзім жасағым келеді. Туған-туысқан, достарды шақырып, той жасағым келеді. Бұл жаңалықты бөліскім келеді. Өйткені, кей туыстар біле бермейді", - деді Аlem.

Сонымен қатар Батырхан Мәліковтің айтуынша, ол әйелімен Ninety one тобында жүргенде танысқан.

"Жұбайым негізі қаржыгер. Есімі Вероника. Тегі - Жаңғал, әкесінің аты - Болат. Метис, жартылай қазақ, жартылай орыс. Кезінде, 2016 жылы біздің топта менеджер боп жұмыс істеген болатын. Кейін жұмыстан шығып кетті. Содан кейін 1,5-2 жылдан кейін бе, білмеймін, дос болып жүрдік. Достық махаббатқа ұласты. Нөміріне жаздым. Сөйлесіп жүргенбіз. Содан кейін түсімде көріп қалып, түсіңде жақсы көріп қаласың ғой. Соны тікелей айта салдым. "Жақсы көрем деп емес, түсімде сені көрдім" деп айттым, содан басталды ғой", - деп жан сырын ақтарды Alem.

Сондай-ақ Alem мектеп кезінен қызбен көп сөйлеспегенін және әйелінің алғашқы махаббаты екенін айтты.

"Мен қызбен ешқашан дұрыс сөйлескен емеспін, сөйлесе алмаймын да. Мектепте қызбен көп сөйлесетін, өзіне сенімді балалар болады. Мен ондай да, жақсы оқитын да бала болған жоқпын. Жалтаңдап жүретін, мұғалімдерге компьютермен бірдеңе істеп беретін, әнін айтып беретін бала болдым және қыздармен көп сөйлеспегенмін. "Қыздарға ұнамаймын" деп ойлайтынмын. Сондықтан "қыздар маған көп назар аударады" деп ешқашан ойламаппын. Шын мәнінде, алғашқы махаббатым. Үйренгені орыс тілі ғой, бірақ қазақша түсінеді. Оны "Қазақша сөйле" деп мәжбүрлемеймін. Анаммен қарым-қатынасы өте тамаша. Кеше анам Астанаға келді. Сол кезде бардық. Орамал тағып, сәлем салды. Ата-анам жақсы көреді", - деді Батырхан Мәліков.