$ 494.87  520.65  4.91

«Медбикенің миы шайқалған»: Ақтөбеде аурухана төбесі опырылып түсті

Жарақатты жұмыс орнында алсам да, барлық дәріні өз қаражатыма сатып алдым.
Фото: "Диапазон" басылымы
Фото: "Диапазон" басылымы

Ақтөбеде ауруханада медбикенің үстіне гипсокартон кесектері құлаған. Салдарынан әйелдің миы шайқалған, - деп хабарлайды Massaget.kz.

Әдемі Базарбаева Қарғалы қалалық ауруханасында медбике болып жұмыс істейді. Ол 6 наурызда сағат 14:30 шамасында жұмыс орнында басына жарақат алған. Оған төбеден гипсокартон кесектері құлаған. Нәтижесінде әйел жабық бассүйек-ми жарақатын алып, миы шайқалған.

"Мен невропатолог пен нейрохирургке жүгіндім, бірақ ауруханаға бармадым, амбулаторлық негізде ем қабылдадым. Кәмелетке толмаған екі балам бар, оларды жалғыз тәрбиелеп отырмын. Жарақатты жұмыс орнында алсам да, барлық дәріні өз қаражатыма сатып алдым. Еңбек инспекциясына арыз жазуға тура келді. Ауруханада комиссия болды, содан кейін ғана маған еңбек демалысы төленді", - дейді ол.

Әдемі Базарбаева 2009 жылы инсульт алған, 2012 және 2015 жылдары тағы инсульт алған, қазір дәрігер есебінде тұр. Жұмыста алған жарақат оның жағдайын тіпті нашарлатқан. Осыдан кейін әйелдің қысымы жоғарылай бастаған, ол дәрі-дәрмекпен емделсе де, невропатологтың ұсынысы бойынша учаскелік дәрігер оны тіркеуге қойған.

"17 сәуірде ауруханаға ем алу үшін келдім, бірақ қабылдамады. Олар мұны басшылықтың бұйрығы деп түсіндірді. Мен еңбек инспекциясынан арыз алып кетуім керек еді. Одан бас тарттым, ал олар мені ауруханаға жатқызбады, өз қаражатыма қайтадан жеке клиникада емделуге тура келді. Кейін ауруханаға баруға болатынын айтты, бірақ мен емделіп жатқандықтан бармадым. Облыстық денсаулық сақтау басқармасында ауруханаға жатқызудан бас тартуын диагнозымның талапқа сай келмейтінімен түсіндірді", - дейді әйел.

"Бізге Әдемі Базарбаева арызбен жүгінген, сол жерге мемлекеттік еңбек инспекторы барып, тексеру жүргізіп, аурухана өндірістегі жазатайым оқиға дерегін жасырғанын анықтады. Жұмыс орнындағы жазатайым оқиғаны жасырғаны үшін аурухананың жауапты қызметкеріне 241 500 теңге айыппұл салынды. Біздің мемлекеттік инспекторымыз жәбірленушіге еңбек демалысы күндерінің ақысы төленгенін қадағалады. Мұндай жағдайларда ақша толығымен төленеді", - деді Еңбек инспекциясы бастығының орынбасары Талғат Есқарин.

Егер жәбірленушінің денесіне жеңіл зақым келсе, мекеме өзі комиссия ұйымдастырады, Еңбек инспекциясы тек ауыр жағдайларды тергейді. Аурухана комиссиясы қорытынды шығарып, болған оқиғаға кім кінәлі екенін көрсетіп, шешімді инспекцияға жіберуі керек. Жәбірленуші моральдық және материалдық зиянды өндіріп алу үшін Азаматтық кодекстің 937-бабына сәйкес сотқа жүгінуге толық құқығы бар. Әйелге дәрі-дәрмек сатып алу бойынша барлық құжатты, емделуге кеткен шығыны аурухана әкімшілігіне тапсыра алатынын және бұл шығындарды сот шешімінсіз-ақ оған өтеу керегі түсіндірілді.

"Бұл оқиға болған кезде мен еңбек демалысында болдым. Оқиғаны білгенде, қызметкер еңбек демалысына шыққанын білдім. Кейін мен оны көрмедім, ол қоңырауларыма жауап бермеді. Мен оған басқа адамдар арқылы оған көмектескіміз келетінін жеткіздім. Миының шайқалуына байланысты оған стационарлық емдеу ұсынылды, бірақ ол ауруханаға жатқызудан бас тартты. 40 күн бойы амбулаторлық емделді. Осыдан кейін ол бұрын алған инсультінің салдарымен ауруханаға барғысы келген. Дәрігерлер оған жазбасы дұрыс рәсімделмегенін, ол келесі күні барлығы дұрыс рәсімделген кезде келе алатынын түсіндірген. Бірақ ол келмеді", - дейді Қарғалы қалалық ауруханасының бас дәрігері Қадырбек Иманбаев.

Басылым мәліметінше, кейін аурухана зардап шеккен медбикенің емделуге кеткен шығынын өтеген.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары