10.05.2023, 15:20

Ақтөбеде екі жасар бала дәретханаға құлап қайтыс болды

Фото: pixabay
Ата-анасына Қылмыстық кодекстің 141-бабы бойынша қылмыстық іс басталды.

3 мамырда Ақтөбе облысы Шалқар ауданында жазатайым оқиға болды, - деп хабарлайды Massaget.kz. 

Полиция департаменті мәліметінше, екі жасар бала көшедегі дәретхананың шұңқырына құлап кеткен. Баланы туысы шығарып алған. Санавиация арқылы зардап шеккен бала облыстық балалар ауруханасына жеткізілген. Бірақ бірнеше күннен кейін бала қайтыс болды.

Басылым мәліметінше, 2 жасар баланы балалардың үлкені дәретханаға апарған. Ал кейін қатты жел соғып, дәретхананың есігі жел екпінімен жабылып қалған, ал нәресте шұңқырға құлаған.

Баланың анасы бұл уақытта ауруханада емделіп жатқан, әкесі жұмыста болған. Бала үйде туыстарының бақылауында болған. Бірақ ата-анасына Қылмыстық кодекстің 141-бабы бойынша қылмыстық іс басталды.

Дәрігерлердің айтуынша, балада пневмония дамыған, миы ісінген. Медициналық сараптама тағайындалды.