18.04.2023, 13:20

Өз-өзіне қол жұмсамақ болғандарды құтқарып қалған полиция қызметкерлері марапатталды

фото: gov.kz
Марапаттау рәсімі салтанатты жағдайда өтті.

Алматыда өз-өзіне қол жұмсамақ болған ер адамды құтқарып қалған патрульдік полиция қызметкерлері марапатталды.

Кәсіби шеберліктері, сондай-ақ азаматтардың қауіпсіздігі мен құқық тәртібі жолында жанқиярлық қызметі үшін Алматы қаласы ПД Жергілікті полиция қызметі патрульдік полиция Полкінің инспекторлары, полиция аға лейтенанты Тоғжанов Құдайберген мен полиция аға лейтенанты Әбдірайымов Санжар «Қазақстан полициясына 30 жыл» мерейтойлық төсбелгісімен марапатталды.

Ержүрек полиция қызметкерлеріне марапатты Алматы қалалық полиция Департаментінің бастығы полиция генерал-майоры Арыстанғани Заппаров табыс етті.

Марапаттау рәсімі салтанатты жағдайда өтті.

Еске салайық, жақында «Буран-317» экипажының патрульдік полицейлері өз-өзіне қол жұмсамақ болған алматылық азаматты аман алып қалған болатын.

Тәртіп сақшылары оқиғаға қатысы бар адамның да, жол қозғалысының басқа қатысушыларының да қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын қабылдады.

«Сағат 19:00 шамасында бізге Сүйінбай даңғылының бойындағы жаяу жүргіншілер көпірінен белгісіз ер адам секіргісі келетіні туралы қоңырау келіп түсті. Біз оқиға орнына үш минутта жеттік. Әріптесімен бірге ер адамды мұндай әрекетке бармауға көндіре бастадық», - деді, ЖПҚБ патрульдік полиция Полкінің қызметкері, полиция аға лейтенанты Тоғжанов Құдайберген.

«Ол көпірдің қоршауының асып тұрды. Бізден алыстай берді, өзін жөнсіз ұстады. Біздің сұрақтарымызға жауап бермеді. Біз оның назарын аударып, сөйлесіп, оны қоршаудың арғы жағынан шығару үшін жәймендеп жақындадық. Сол кезде біздің басқа әріптестеріміз төменде, жолдың бойында болып, жол қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Олар ер адам секіріп кеткен жағдайда ауыр жарақат алмас үшін жүк көлігін көпірдің астына әкеліп қойды. Бір кезде біз оны ұстап үлгердік. Ортақ күш-жігердің арқасында оны қауіпсіз жерге алып шықтық», - деді, полиция аға лейтенанты Санжар Әбдірайымов.  

Тегтер: Алматы