Жетісу облысының прокуратурасы қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланған тұлғалардың үстінен қылмыстық іс қозғады. Өңірдегі жауапты тұлғалар қомақты қаражат бөлінгеніне қарамастан, автомобиль жолдарын заңсыз әрі сапасыз салған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy ақпараттық агенттігінің тілшісі.
Прокурорлар мұқият жүргізген тексеру барысында өңірде автожол салу кезінде жіберілген өрескел заңбұзушылықтарды анықтаған.
Белгілі болғандай, биылғы 7 наурызда Кербұлақ ауданында еріген қар суының салдарынан Малайсары станциясына баратын автожол жартылай қирап, жарамсыз болып қалған.
«Прокурорлық тексеру нәтижесінде осы учаскеде жөндеу жұмыстарын жүргізу барысында өрескел заңбұзушылықтарға жол берілгені анықталды. Бастапқыда бұл жұмыстар мемлекеттік органға жобалау-сметалық құжаттамасыз және сараптама жүргізбестен мемлекеттік сатып алуды жүргізуге мүмкіндік беретін ағымдағы жөндеу түрінде заңсыз жүргізілген. Бұл өз кезегінде техникалық және авторлық қадағалау тарапынан бақылауды жояды», - делінген ведомство хабарламасында.
Соның салдарынна су бұру жүйелерінің өткізу қабілеті есептелмеген және жүргізілген жұмыстардың сапасы қамтамасыз етілмеген.
Прокуратура мемлекеттік органдардың лауазымды тұлғаларының әрекеттерінде мемлекетке зиян келтірген және аса ірі залал келтіру түріндегі ауыр зардаптарға әкеп соққан қылмыстық құқықбұзушылық белгілерін анықтады.
«Осы дерек бойынша 3 сәуірде арнайы прокурорлар жүзеге асыратын ҚР Қылмыстық кодексінің 361-бабы 3-тармағының 4-бөлігі (лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды», - делінген хабарламада.