Қызылордалық полицейлер ізін суытпай бұзақылық жасаған күдіктілерді ұстады, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
Polisia.kz-тің хабарлауынша, 13 мамыр таңғы сағат 7 шамасында полиция басқармасына көпқабатты үй ауласында белгісіз азаматтар қару қолданып, төбелесіп жатқаны туралы хабарлама түскен.
Жалдамалы пәтерде бірнеше таныс азамат бір-бірімен сөзге келіп, кейін пышақ және травматикалық қару қолданып, жанжалдасып, барлығы оқиға орнынан бой тасалағаны белгілі болды.
Екі күдікті қала аумағында ұсталса, тағы екеуі автокөлікпен Самара-Шымкент тас жолында ұсталды. Қалған күдіктілерді іздестіріліп жатыр.
Ұсталғандар Шымкенттің және Маңғыстау облысының тұрғындары болып шықты.
Оқиға орнынан және автокөліктен айғақты заттар алынды. Екі адамға медициналық көмек көрсетілді. ҚР ҚК-нің 293-бабы 3-бөлігінің 2-тармағымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру әрекеттері жүріп жатыр. Сараптамалар тағайындалды. Оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.