$ 498.51  522.84  4.81

Алматыда 8-қабаттан құлаған жігіт аман қалды

Пациент шұғыл түрде жансақтау бөліміне жатқызылды.
Фото: inform. kz
Фото: inform. kz

Алматылық дәрігерлер 8-қабаттан құлаған азаматқа операция жасап, аман алып қалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мәліметінше, 8-қабаттан құлаған 19 жастағы жігіт аурухананың қабылдау бөліміне аса ауыр халде жеткізілген.

Пациент шұғыл түрде жансақтау бөліміне жатқызылды.

Дәрігерлер оның миы шайқалып, жабық бас-ми жарақатын, бірінші-екінші дәрежелі травматикалық шок алғанын және көп сүйектері сынғанын анықтады.

Оған міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде екі ота жасалды.

Орталық қалалық клиникалық аурухананың ортопедия бөлімі меңгерушісі Қанат Тәуекеловтің айтуынша, жансақтау қызметкерлері алдымен пациентті жарақат салдарынан болған шоктан арылтқан.

Екі күн өткен соң дәрігерлер ота жасау жөнінде шешім қабылдады.

«Екі кезеңде бірнеше операция жасалды. Бірінші ота «сынған жамбас сүйегін ашық репозициялау, пластинамен және бұрандалармен бекіту» деп аталады. Науқас есін жиып, жағдайы жақсарған соң екінші ота жасалды. Бұл операция барысында сүйек тіндерін сынған жерден бір-біріне жалғап, металл конструкциялардың көмегімен жалғадық», – деді Қанат Тәуекелов.

Оның сөзіне сенсек, жоғары технология көмегімен жасалған операция аса күрделі манипуляциялар қатарына жатады.

Мұндай ота МӘМС пакеті шеңберінде ғана жасалады.

«Біз пациентті емдеу барысында оның өмірін сақтап қалуды басты мақсат етіп қойдық. Сонымен қатар мүгедек болып қалмауы үшін барымызды салдық. Нәтижесінде науқастың өмірін сақтап қана қоймай, аяққа тұрғыздық. Айту керек, пациент операциядан соң екінші күні-ақ жүріп кетті. Орталық қалалық клиникалық ауруханада реабилитациядан өтті. Бүгінде ауруханадан шыққан жас жігіт өз бетінше жүріп-тұрады», - деді дәрігер.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары