СҚО прокуратурасына облыстық қаржы полициясы басшысының міндетін атқарушы Жандос Ахметовтің өліміне қатысты қылмыстық іс келіп түсті, деп хабарлайды Tengrinews.kz.
— Жандос Ахметовтің өліміне қатысты қылмыстық іс аяқталып, жұма күні прокуратураға келіп түсті, — деді облыс прокурорының орынбасары Бірлік Тәшімов 5 тамызда Петропавлда өткен баспасөз мәслихатында. Оның айтуынша, «бұл қылмысқа ресейлік екі азаматтың қатысы бар болып шығып, сол үшін Бас прокуратура арқылы халықаралық сұраулар салынуына байланысты» іс созбаққа салынып кеткен.
Тәшімовтің айтуына қарағанда, Ахметов қазасына айыпталып отырған ресейлік қос азаматтың бірі — бұрынғы әскери борышын өтеуші екен. Ал, үшіншісі - Қазақстан азаматы қаржы полициясы қызметкері атып өлтірілген қаруды қылмыскерлерге жеткізіп берген. Осы ретте, Тәшімовтің айтуынша, қылмыстың орын алуына қаржы полицейінің кәсіби қызметі себеп болған.
— Ал, қылмысқа қатысы бар өзге азаматтардың істері бөлекшеленді. Олармен Астанада айналысатын болады, — деді Тәшімов.
Бұрын хабарланғандай, Ахметов өткен жылдың желтоқсан айында өз үйінің кіреберісінде атып өлтірілген еді. Денесіне дарыған бірнеше оқтың біреуі басына тиген. Қаза болар шағында облыстық қаржы полициясы басшысының міндетін атқарушы болып отырған Ахметов сол жылы басшының орынбасары қызметіне тағайындалған балатын. Ол із кесу және сотқа дейінгі өндіріс мәселелерімен айналысатын еді.