Алматы облысында жаңадан салынып жатқан үлкен тас жолдың бойындағы көпір маңына тасталған балақайдың анасын полиция дереу тапты, деп хабарлайды «КҮН.КЗ».
Полиция берген ақпаратқа сай балақайды тауып алған ерлі-зайыпты дереу Қарасай аудандық полицейлерінің көмегіне жүгінген. олар баланың анасын дереу тауып, айыппұл салған. Түсіндіру жұмыстары жүргізілген.
Оқиға 15 мамырда болған. Айдалада қоларбада жатқан баланы тұрғындар тауып алып, полицияға хабарласқан. «Қарасай ауданының полиция бөліміне сағат 10:08-де БАКАД Атом жолының 5 шақырмында сәбидің табылғаны туралы хабарлама түсті. Аталған жерге дереу полиция жасағы жіберіліп, көп ұзамай баланың анасы табылды», — дейді ПД баспасөз қызметіндегілер.
Полицияның айтуынша, әйел баласын тастамаған.
«Баланың анасы телефон шалу үшін байланысы бар жер іздеп, жолдың арғы бетіне өтіп кеткен. Әйел адамның материалдық жағдайы жақсы, ақыл-есі дұрыс, толыққанды азамат», — дейді ведомстводағылар. Іс жүзінде тәртіп сақшылары анасына қатысты Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 127-бабы 1-бөлігі «Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу және (немесе) оған білім беру, оның құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі міндеттерді орындамау» бабы бойынша хаттама жасап, түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Есте олса, Алматы облысындағы тас жол бойымен жұмыстан қайтып жатқан ерлі-зайыпты коляскада жатқан балақайды тауып алып, видеоға түсірген. Сол маңнан бір сағат бойы баланың ата-анасын іздеген. Ақыр соңында полиция шақырып, баланы тапсырған. Қызығы тап-таза киінген балақай бір де бір рет жыламаған, үнемі күлімдеп өзін көтерген әйелді еш жатырқамаған. көпшілік бұл жайтты өтірік деп ойлады.