Орал қаласы полиция басқармасы бастығының бұрынғы орынбасары Эдик Болатовқа қатысты үкім шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Орал қалалық сотының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, полиция шенеунігі ҚР ҚК 24-бабы 3-бөлігі – 366-бабы 2-бөлігіне (пара алуға оқталу) сәйкес айыпты деп танылып, 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын қауіпсіздігі орташа қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде өтеуге сотталды.
Ол сондай-ақ өмір бойына мемлекеттік қызмет атқару құқығынан және полиция полковнигі шенінен айырылды.
Сотта анықталғанындай, Орал қаласы полиция басқармасының бастығы қызметін атқарып жүрген басшы шенеунік өткен жылғы 3 ақпан күні шамамен сағат 22.52-де жедел тергеу іс-шаралары барысында А.Черекаев көшесі 52-үйдің ауласында Николай Карповтан талап етілген қаржының бір бөлігі – 450 мың теңгені (4 млн теңге деп көрсетілген) алу үстінде қолға түскен. Бұл қаржыны ол Н.Карповтан заңсыз іс-әрекеттері үшін алған. Атап айтқанда, есірткіге тәуелді адамдарға трамадол және басқа психотроптық препараттарды заңсыз өткізу бойынша Н.Карповқа қатысты құқықбұзушылықты ашпау, оны ұстамау, құзыретті органдарға әкімшілік жауапкершілікке тарту үшін материалды жолдамау, сондай-ақ жалпы қамқоршылық көрсеткені үшін ұсталған.
Э.Болатовтың 7 млн теңге көлемінде пара алуға бағытталған қылмыстық іс-әрекеті оның өзіне байланысты емес мән-жайлар бойынша аяғына дейін жетпеді.
Сот үкімі күшіне енген жоқ.