Шымкенттің полицейлер жарты жыл бойы пәтер тонауды кәсіп етті деген күдікпен 20 жастағы ОҚО тұрғынын қолға түсірді. Оның әзірге 7 қылмысқа қатысы бар екені анықталып отыр.
Жалпы, осы уақыт аралығында Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық полиция бөліміне пәтер ұрлығы бойынша ондаған адам арызданып келген. Солардың бірі - 1991 жылғы жергілікті тұрғын, ол былтыр жаз айында үйінен алтын бұйымдар мен ақша салынған әмиянының жоғалғанын айтып шағымданыпты. Іздеу шаралары барысында полицейлер осынау қылмысқа қатысы бар деген күдікпен 1996 жылғы Мақтарал ауданының тұрғынын ұстады. Ол өзіне тағылған айыптарды мойындап отыр.
"Қазіргі таңда күдіктінің 7 пәтер ұрлығы жайтына қатысы бар екені белгілі болды. Ер азамат барлық ұрлығын бір жүйемен іске асырған. Тұрғындардың пәтер есіктерін ашық қалдырып, мұқиятсыздығын, өз мүлкіне салғырт қарауын пайдалана отыра, бағалы заттары мен ақшаларын ұрлап отырған. Күдікті барлық ұрланған заттарды сатып, ақшасын өз қажеттілігіне жаратып жүрген. Жәберленушілерге келтірілген шығын көлемі жарты миллион теңгеден асады", - делінген ОҚО ІІД-нің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Аталған жайт ҚР ҚК 188-бабымен «Ұрлық» қылмыстық іс қозғалды. Күдікті қамауда. Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.