$ 498.34  519.72  4.85

«Ащы буға тәуелді болу»: елімізде вейпке тыйым салу ұсынылып отыр

Өнімді тұтыну жасөспірімдер арасында белең алған.
Фото: Azattyq Ruhy
Фото: Azattyq Ruhy

2018 жылы Қазақстандағы HBSC зерттеуіне сәйкес, еліміздегі 15 жастағы ұлдардың 14%-ы және қыздардың 6% - ы вейптерді қолданып көрген, ал 11-15 жастағы ұлдардың 8,5% - ы және қыздардың 3,8% - ы электронды темекіні қолданған. GYTS (2014) деректерімен салыстырғанда көрсеткіштер ұлдар арасында үш есе, қыздар арасында екі есе өсіп отыр, деп хабарлайды Azattyq Ruhy. 

«Электронды темекі сұйықтықтарында никотин бар. Никотин психикалық және физикалық тәуелділікті тудырады, жүйке жүйесінің, жүректің, өкпенің, ас қорыту органдарының қызметін бұзады. Зерттеулер көрсеткендей, картридждердегі сұйықтықта және пайда болған аэрозольде заттардың барлық спектрі анықталды: глицерин мен пропиленгликоль, Е дәрумені ацетаты, бензол, акролеин, ұшпа органикалық қосылыстар, пропилен оксиді, сондай-ақ ұсақ бөлшектер-РМ10 және РМ2. 5 бар», - деді ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық көмекті ұйымдастыру департаменті директорының орынбасары Гүлнәр Сәрсенбаева.

Ол атағандай, медициналық қауымдастықтың алаңдаушылығын тудыратын ЭС аэрозолының зиянды заттары металдар, атап айтқанда никель және қорғасын болып табылады.

Вейперлер өлімге әкелетін «попкорн ауруына» шалдығу қауіпіне душар болады. Ғалымдар темекі шегуге арналған хош иістердің 75%-ында диацетилдің улы химикатын табу арқылы осындай қорытынды жасаған.

Ал Корея ғалымдары электронды темекіге арналған сұйықтықты зерттеп, кем дегенде 10 токсинді және никотин мөлшерін анықтады.

2019 жылы тұңғыш рет электронды темекінің әсерінен АҚШ-та 16 жастағы жасөспірімнің екі өкпесі трансплантанцияланды.

Дәрігер Айсұлу Тоқтыбаева электронды темекілердің зияны кәдімгі темекіден көп болмаса, кем емес екенін айтады.

«Темекі құрамында никотин, токсиндер ең алдымен, адам ағзасындағы басты орган - өкпеге әсер етеді. Оның әсерін барлығы жақсы түсінсе де, ешкім көңіл бөлмейді. Жастардың ол электронды заттар мүлдем әсер етпейтіндей шегіп жүре беретіні қынжылтады. Электронды темекідегі сұйықтық 5 заттан тұрады», - дейді Айсұлу Тоқтыбаева.

Олар:

Пропиленгликоль;
Глицин;
Никотин;
Ароматизаторлар;
Дистилденген су.

«Менің ойымша, жасөспірімдер арасында электрондық темекені шеккендер өзін ересек, ерекше сезінетін сияқты боламын деп ойлайды. Олар ертеңін ойламай, жастықтың буымен жүргені де белгілі. Бірақ ХОБЛ, созылмалы өкпенің қабынуы, бронхиттік демікпе, қатерлі өкпе ауруларына шалдығып қалатынын білмейді. Бұл бойынша да мектептерде насихат жұмыстарын күшейту керек деп ойлаймын», - деді ол.

Мәжіліс депутаты Нұргүл Таудың пікірінше, вейп пен электронды темекіге дер кезінде тыйым салмаса, балалардың денсаулығына қиянат жасау қаупі тұр.

«Денсаулық сақтау саласы сарапшыларының айтуы бойынша, электронды темекі құрамында никотин, көмірқышқыл газы, көміртек тотығы, көгеретін қышқыл, аммиак, шайырлы заттар, органикалық қышқылдар сияқты 30-дан астам улы зат бар. Электронды темекі адам өкпесін ірітіп жібереді. Елімізде электронды темекі бұйымдарын бақылаусыз сатуға байланысты оны қолдану жағдайы жоғары. Ол барлық сауда орындарында, сондай-ақ, әлеуметтік желілер арқылы қолжетімді бағада сатылады. Бағасы орташа есеппен 2000 теңгеден аспайды», - деді Тау.

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің мәліметіне сәйкес, никотинді тұтынудың электрондық құралдарының нарығы 2020 жылдан 2022 жылға дейін 292 есеге артты.

«Сонымен бірге, бұл өнімді әкелудің заңдылығы күмән туғызады. Барлығы аталған жылдар ішінде СЭҚ ТН 85434000000 «Осы топтың басқа жерінде аталмаған немесе енгізілмеген жеке функциялары бар электр машиналары мен аппаратурасы» кодымен жүргізілген 10 006 432 АҚШ доллары сомасына 2 954 182 дана электрондық темекі әкелінді. Бұл код акцизделмеген және бұл мемлекеттік бюджетке 3 млн данаға жуық өнімнен акциздік түсімдер түспегенін білдіреді. Электронды темекілер сырт пішінімен, хош иістермен балалар мен жастарды еліктіруде. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Қазақстанда жүргізген зерттеуінің қорытындысына сәйкес 11 мен 15 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасында электронды темекіні тұтыну төрт жыл ішінде 3 есе өскен, ұлдардың 15 пайызы және қыздардың 6 пайызы электронды темекіні бір рет болсын қолданып көрген», - деді депутат.

Ал психолог Саягүл Шәкәрқызының айтуынша, энергетик ішу мен вейп тартуға жасөспірімдер әуесқой болады.

«Оған себеп отбасында рухани тәрбиенің құлдырап, баланың бос уақытының көптігі болуы мүмкін. Ата-ананың көбі бала немен айналысып, кіммен жүргенін біле бермейді. Рухани тәрбиенің құлдырауына материалдық қызығушылық әсер етіп жатады. Балалар өз құмарлығы мен қызығушылығын тез іске асырады. Интернет жасөспірімдердің миын жарнама арқылы улап, зиян еместігін жариялап арандатады. Жасөпірім кезінде ішіп-шеккен бала өзін ересек адам ретінде сезінеді. Қоршаған достарынан, ортасынан қалысқысы келмейді. Бұл жерде бәсеке мәселесі де бар. Тағы бір себебі көп шегіп, ішіп жүрген балалар бір-бірін тартады. Оның түрлерін айтып, әсерін айтып, мақтанады», - дейді маман.

Психолог жасөпірімдер отбасындағы назарды өзіне аудау үшін де істеуі мүмкін екенін айтады.

«Сондықтан отбасынан бастап, ақпаратты ертерек беруді бастау керек. Энергетикалық сусын мен вейптердің әсері мен зиянын түсіндіру керек. Бұл заттарды көп мөлшерде қолданса, тәуелді болып қалуы да мүмкін. Өкінішке қарай, энергетик ішу мен вейп тарту енді өсіп келе жатқан организмге қатты әсер етеді. Миды улап, ішкі құрылыстарды зақымдап, созылмалы ауруларға алып келуі мүмкін», - дейді ол.

Бұл өнімдерді тұтыну дін бойынша да харам болып есептеледі.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының уағыз және тәлімгерлік бөлімінің басшысы Батыржан Мансұров ҚМДБ-ның ғұламалар кеңесі электронды темекі адам денсаулығына зиянды болғандықтан, харам деген ұйғарыммен пәтуа шығарғанын айтты. Яғни, оларды қолдануға болмайды.

Тіпті, бұл өнімдерге тыйым салу бойынша ата-аналар петицияға қол қойған Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесі төрағасының орынбасары Баян Ахатайдың айтуынша, петицияға 18 мың ата-ана қол қойған.

«Біздің балаларымызға 1 пайыз болсын қауіп төндіретін заттарды мемлекетке кіргізуге тыйым салуды сұраймыз. Мемлекет басшысы айқындап кеткен «еститін мемлекет» бізді естиді деп сенеміз. Мәжіліс депутаттары, ата-аналар мен білім ұйымдары қолдап отыр. Халық деген - осы. Ұлттық тән саулығына ғана емес, жан саулығына да әсер ететін дүние біздің елімізде болмауы керек деп есептейміз», - деді ол.

«Темекісіз» Ұлттық коалициясының көшбасшысы Жамиля Садықова вейптерге тыйым салуға осы бизнеспен айналысатындар әсер етуі мүмкін.

«Біздің қоғамдық бастама 2 жыл бұрын басталды. Вейп индустриядан кедергілерге ұшырап отырмыз. Қоғамдық пікірталас тудырып, осындай қолдауға ие болып отырмыз. Экономика министрлігі бұған қарсы болса да, бізді Денсаулық сақтау министрлігі қолдап отыр. Бұл өнімді тұтыну арқылы ауруға шалдыққан балалар бар деп ойлаймын. Ол бізде ресми тіркелмей отыр. Діни ресми ұйымдардың өкілдері мен қоғамдық ұйымдар біздің бастаманы қолдап отыр. Сондықтан вейптерге тыйым салу аса қажет», - деді Садықова.

Айта кетейік, былтыр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Атырау облысына барып, өңір жұртшылығымен кездесу барысында электронды темекіге әуестеніп бара жатқан оқушылар туралы айтқан болатын.

«Біз бүкіл қоғам болып есірткіге қарсы табанды түрде күресуге тиіспіз. Бұл - ұрпақтың денсаулығын сақтау үшін өте маңызды. Жастардың жат қылыққа бой алдыруына жол бермеуіміз керек. Қазір ересектердің ермегіне айналған электронды темекіге оқушылар да әуестеніп барады. Мұндай темекіні балалар дүкеннен еш кедергісіз сатып алады. Бұл – қауіпті жағдай», – деген еді Тоқаев.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары