18.05.2023, 20:30

Киногерлер наразылығынан кейін конкурста жеңген бүкіл жобалар қайта қаралатын болды

Фото: inform.kz
Келіп түскен өтініштерді ескеріп, министрдің тапсырмасы бойынша келіп түскен барлық өтінімдерді қайта қарайтын тәуелсіз комиссия құрылады.

Мәдениет және спорт вице-министрі Нұрғиса Дәуешов кинематографистер мен Ұлттық киноны мемлекеттік қолдау орталығы арасындағы дауға пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қазіргі уақытта мемлекет қаржысын алуға үміткер киножобалардың кезекті – бесінші конкурсы өтіп жатыр. Оның ұйымдастырушысы - Ұлттық киноны мемлекеттік қолдау орталығы. Биыл электронды және қағаз форматында 290 өтінім келіп түсті. Кей кинематографистер кино орталығы (ҰКҚМО) өткізген конкурстың нәтижесімен келіспейді. Халық үніне құлақ асатын мемлекет қағидатын басшылыққа ала отырып және келіп түскен өтініштерді ескеріп, министрдің тапсырмасы бойынша келіп түскен барлық өтінімдерді қайта қарайтын тәуелсіз комиссия құрылады»,-деп жазды Нұрғиса Дәуешов Facebook парақшасында.

Оның айтуынша, бұл объективтілікті қамтамасыз ету үшін жасалып отыр.

«Сонымен қатар, отандық фильмдерді қаржыландыру туралы айтып отырғанымызды және сапалы фильмдерді шығару мен қаржыландыру басты назарда болатынын түсінуіміз маңызды»,- дейді ол

Транспаренттілікті қамтамасыз ету үшін қажетті жұмыстың бәрі жасалады. Питчинг комиссия жұмысы аяқталғаннан кейін өткізіледі.