Коллекторлық агенттіктердің қызметкерлері өз өкілеттігін теріс және асыра пайдаланғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Әділет министрлігі осындай ұсыныс енгізіп отыр, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
Әділет вице-министрі Алма Мұқанованың айтуынша, қазір Қылмыстық кодексте коллекторлық агенттік қызметкерінің өз өкілеттіктерін асыра пайдаланғаны, қарызды өндіріп алудың заңсыз әдістерін қолданғаны, қаржылық қызметтерді тұтынушылардың құқығын бұзғаны және тағы басқа әрекеттер үшін жауапкершілігін көздейтін арнайы бап жоқ.
"Бұл ретте Қылмыстық кодекстің 214 және 223-баптары коллекторлардың тек коллекторлық қызметпен тіркеусіз айналысқаны үшін, сол сияқты егер бұл әрекеттер азаматқа, ұйымға немесе мемлекетке ірі залал келтірсе не ірі мөлшерде табыс табумен ұштасады. Сондай-ақ коллекторлық қызметтің құпиясын жария еткені үшін ғана жауаптылыққа әкеп соғады", - деп санайды әділет вице-министрі.
Айтуынша, коллекторлық агенттік қызметкерінің өз өкілеттігін қызметінің міндеттеріне қайшы және артықшылықтар алу мақсатында пайдалануы қоғамға қауіпті іс-әрекет ретінде бағалануы керек.
Осыған байланысты министрлік коллекторлық агенттік қызметкерлерін өз өкілеттіктерін теріс және асыра пайдаланғаны үшін қылмыстық жауапкершілікке тартуды ұсынып отыр.
"Бұл шара заңдық сауатсыздыққа байланысты коллекторлық агенттік қызметкерлерінің қысымына және айла-шарғысына ұшырауы мүмкін азаматтардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді", - деді Мұқанова.
Айта кетері, бүгін мәжілісте әділет министрлігі кейбір заңнамалық актілерге Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстерін оңтайландыру мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы заң жобасын таныстырды.