19.05.2023, 09:40

Қостанайда жеңіл көлік пен науқас отырған жедел жәрдем соқтығысты

Фото: Tengrinews.kz
ВАЗ автокөлігінің 65 жастағы жүргізушісі бағдаршамның қызыл түсіне сигналын қосып келе жатқан жедел жәрдем көлігін жібермеген.

Қостанайда жеңіл көлік науқасты алып бара жатқан жедел жәрдемді соқты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Оқиға 18 мамырда Абай және Назарбаев даңғылдарының қиылысында болған. Жедел жәрдем ауруханаға жүрек талмасы бар науқасты алып бара жатқан. Олар жол қиылысынан бағдаршамның қызыл түсіне өтіп бара жатқан, бірақ ескерту сигналдарын қосқан.

"ВАЗ автокөлігінің 65 жастағы жүргізушісі бағдаршамның қызыл түсіне сигналын қосып келе жатқан жедел жәрдем көлігін жібермеген", - деді Қостанай облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі өкілдері.

Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі мәліметінше, жедел жәрдем бригадасы жедел миокард инфарктісіне шалдыққан 69 жастағы науқасты облыстық ауруханаға жедел түрде апара жатқан.

"Бұл жедел шақырудың 1-санаты. Зардап шеккендер жоқ. Науқасты басқа жедел жәрдем бригадасы ауруханаға жеткізді", - деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы өкілдері.

ВАЗ жүргізушісіне қатысты 610-бап бойынша әкімшілік іс қозғалған. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс жүргізу қаулысын мамандандырылған сот шығарады.