21.05.2023, 22:30

Солтүстік Қазақстанда қазақ мектептерінен орыс мектептерінің саны екі есе артық

Фото: Pixabay
Кейбір ауданда қазақ мектебі емес, тіпті, қазақ сыныбы да жоқ.

Солтүстік Қазақстан облысында 454 мектеп бар. 112 — қазақ мектебі, 246 — орыс мектебі, 96 — аралас мектеп. Бұл туралы ҚР парламент мәжілісі депутатты Нартай Сәрсенғалиев өз парақшасында жазды.

Құзырлы орындардан берілген ресми деректерге сүйенсек, Солтүстік Қазақстан облысында 72360 оқушы бар. Оның ішінде тек 18447 оқушы қазақ тілінде білім алады.

Осы орайда, Солтүстік Қазақстан облысында «Шағын жинақталған мектептер: білім сапасы, педагог кадрлардың тапшылығын шешу және қолайлы білім беру ортасын қалыптастыру жобалары туралы» мәселесі бойынша көшпелі отырыс өтті.

“Бастысы өтірік статистиканы, көзбояушылықты доғару керек. Тексеретін адамдар келеді дегенде мектептерді апыл-ғұпыл сырлау, әктеу, өтірік көрініс жасау дегенді тоқтату қажет. Барды бар, жоқты жоқ деп айтатын кез келді”, — дейді Нартай Сәрсенғалиев.

Сонымен қатар, мәжілісмен ауыл мектептерінің жағдайымен танысып, кейбір ауданда қазақ мектебі емес, тіпті, қазақ сыныбы да жоқ екенін жеткізді.

“СҚО, Аққайың ауданындағы Түмен мектебі- 9 сынып қана білім беретін шағын жинақты (магнитті) мектеп. Шекаралық аймақтағы халықтың ауылдан үдере көшіп жатқанын тағы көрдік. Себебі 100 орындық мектепте 26 бала оқып жатыр.

Бұл мектеп тек орыс тілінде білім береді. Ауылдық округте қазақша мектеп тұрмақ бірде бір қазақ сыныбы жоқ. Ауылда қазақтар тұрады, бірақ жалғыз мектеп тек орыс тілінде білім беретін болғандықтан халықтың басқа таңдауы жоқ. Мәселені облыс әкіміне де, орынбасарларына да, Оқу-ағарту вице-министріне де айттық. Нәтиже күтеміз”, — деп жазды мәжіліс депутаты.

Оның айтуынша, Түмен мектебі 1966 жылы салынған. Химия, физика, биология, информатика, мультимедиа кабинеті дегендер атымен жоқ! Ол ол ма, акт залы мен спорт залда жоқ. Интернет дегенің тіпті жоқ, ол түгілі қарапайым ұялы байланыс әрең жұмыс істейді.