Жүздеген алматылық "Халық заңгері" акциясы аясында тегін заңгерлік кеңес алды.
Алматыда және Қазақстанның барлық ірі қалалары мен өңірлерінде бір мезгілде "Халық заңгері" жалпыұлттық акциясы өткізілді. Іс-шараны ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, Zakon.kz желілік басылым және "Параграф" ақпараттық жүйесі ұйымдастырды.
Акция аясында мемлекеттік органдардың басшылары, білікті заңгерлер мен адвокаттар тұрғындарды қабылдап, тегін заң көмегін көрсетті. Тұрғындардың сұрақтарының басым көпшілігі білім беру, денсаулық сақтау, қала құрылысы, банк және басқа да әлеуметтік маңызды салаларға қатысты болды. Заңгерлердің көмегі мен кеңесіне мұқтаж азаматтардың арасында көп балалы аналар, жалғызбасты аналар, мүмкіндігі шектеулі адамдар, халықтың әлеуметтік осал топтары да болды.
Әрбір азамат кеңес алып, мемлекеттік органдардың тиісті мамандарына жүгіне алды. Өз кезегінде, заңгерлер көмек көрсетіп, мәселені логикалық шешкенге дейін толықтай сүйемелдеді.
"Өкінішке орай, қазіргі уақытта барлығы бірдей білікті заң көмегін тегін ала алмайды. Ал мұнда бірегей мүмкіндік-сіз еліміздің жоғары дәрежелі, Үздік заңгерлерінен, сондай-ақ мемлекеттік органдардың өкілдерінен заңгерлік тегін көмек ала аласыз. Адамдардың проблемалары мүлдем басқаша.
Кейбіреулерге қылмыстық іс бойынша заңгерлік кеңес қажет. Басқалар үшін мүліктік және ажырасу дауларын шешу, салық, зейнетақы және несие мәселелерін түсіну маңызды", - деп атап өтті ұйымдастырушылар.
Бірегей жоба Қазақстанда 2016 жылдан бері жүргізіліп келеді және әлемде баламасы жоқ. Осы уақыт ішінде оған жеті мыңнан астам заңгерлер мен мемлекеттік органдардың басшылары қатысып, жүз мыңнан астам азамат тегін заң көмегін алды.