28.05.2023, 20:30

Оралда жасөспірімнің өлімі бойынша 14 жастағы бала ұсталды

Фото: pixabay.com
Сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Орал қаласында жасөспірімнің өлімі бойынша күдікті ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

БҚО Полиция департаменті баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, оқиға 28 мамыр күнге қараған түні болды.

«Сағат 01.28-де 2007 жылы туған жасөспірім облыстық көпбейінді балалар ауруханасына жеткізілді. Бірақ ол есін жимастан, жансақтау бөлімінде көз жұмды. Бұл дерек Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде тіркелді.

Осы құқық бұзушылықты жасады деген күдікпен 2008 жылы туған жасөспірім қолға түсті. Аталмыш дерек бойынша сараптама тағайындалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Басқа ақпарат ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 201-бабына сәйкес жариялауға жатпайды», - деп хабарлады ведомстводан.