19.05.2023, 12:00

Ана мен баланы қолдау – негізгі міндет

Фото: pixabay
Тағы да айта кететін жайт осы жылы «Алтын алқа» және «Күміс алқамен» марапатталған аналар деген жаңа статус енгізілді.

Біздің елімізде ана мен баланы қорғау және оларға қолдау көрсету мемлекет саясатының негізгі бағыттарының бірі. Олардың әлеуметтік жағдайы, денсаулығы, жалпы өмір сүру деңгейі қашан да басты назарда. Осы орайда мемлекет тарапынан бірқатар жұмыстар жүргізіліп әлі де өз жалғасын тауып жатыр. Сөзімізге дәлел ретінде мысалдарды қарастырып көрейік. 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен жылы елге жолдаған «Әді¬летті қоғам. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауында барша қазақ жұртының көңілінен шығатын бағдарлама жасауды тапсырды. Бағдарлама «Ұлттық қор - балаларға» деп аталады. Атына заты сай бұл бағдарламаның аясында Ұлттық қордағы қаржының жартысы еліміздің болашағы болып саналатын балалардың шотына аударылып отырады. Бала кәмелет жасына толғанға дейін ол ақшаға ешкім қол сұға алмайды. Яғни, 18 жасқа толған жасөспірімнің артында қандай да бір сенім жастықшасы бар деген сөз. Бала сол кезден бастап өзінің мемлекет алдындағы маңызын түсініп, ел алдындағы жауапкершілігі артатын болады. Бұл бастаманы барлық дерлік ата-ана қолдады. Дүниеге әкелген баласына жасалған бұл қамқорлық олар үшін нағыз көмек. 

Сондай-ақ мемлекет қолдауымен бала күтіміне төленетін жәрдемақы жасы да ұзарды. Өз кезегінде Тоқаев бұл шешімін, аналардың өз баласының қасында ұзағырақ уақыт өткізуі үшін жасалған жағдай, деп атап өтті. Бұл қабылданған шешім барлық ананың көңілінен шыққаны сөзсіз. Осылайша, мемлекетіміз ұрпақ қамын бірінші орынға қоятынын тағы бір дәлелдеді. 

Бұдан бөлек балалардың жағдайын жақсарту мақсатында басқа да төленетін жәрдемақылардың түрлері бар. Мысалы, көпбалалы отбасыларға да мемлекет ай сайын қаржы аударады. Ол қаржы көлемі бір орында тұрып қалмай, ұлғайып отырады және ол отбасының табыс мөлшеріне қарамастан бала санына қарай беріледі. 

Тағы да айта кететін жайт осы жылы «Алтын алқа» және «Күміс алқамен» марапатталған аналар деген жаңа статус енгізілді. Ол жаңа статустың аясында наградталған аналардың мемлекеттен алатын жәрдемақысының мөлшері өсті. 

Осылайша жаңа жылдан бастап «Алтын алқа», «Күміс алқамен» марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы аналар табатын ақшасына қарамастан ай сайын 25 530 теңге көлемінде мемлекеттен жәрдемақы алады.

Жоғарыда аталып өтілгендердің барлығы ана мен баланың бақытты өмірі үшін жасалып отырған жағдай. Ұрпақтың қамын ойлайтын ұлт қашан да алдыңғы орында болмақ. Ал, аналарымыздың амандығы мен разылығы бізді талай биіктерге жетелейді. Ана мен баланың тағдырын бірінші орынға қою арқылы біз мықты  мемлекеттің іргетасын қазірден бастап қалаймыз.