$ 494.87  520.65  4.91

Ұтымды жасалған демографиялық саясат – мемлекет негізі

Қай елде еңбек етсе де біз өз азаматтарымызды қорғай алуымыз керек.
Фото: pixabay
Фото: pixabay

Демографиялық саясат ел ішіндегі және аймақтардағы халықтың жалпы санын реттеп отыруға бағамдалған ішкі саясаттың бір тармағы. Мемлекеттің басты қазынасы халық болғандықтан, оның саны ел дамуына әсер ететін негізгі фактордың бірі болып қарастырылады. Сол себепті ешқандай мемлекет демографиялық саясаттан аттап өте алмайды. 

Осы орайда, біздің елдегі демографиялық жағдайдың жай-күйіне тоқталып өтейік. Өткен жыл Қазақстан үшін өте маңызды жыл болды. Өйткені, еліміз бен халқымыз дамудың жаңа кезеңіне қадам басты. Соңғы жылдардағы статистикаға көз жүгіртетін болсақ, халықтың өсімін ұлғайтудағы барлық бағыттар бойынша оң өзгерістер байқалады. Мұның ішіне өлім-жітімнің төмендеуі, бала туу көрсеткішінің өсуі жалпы халықтың табиғи өсімі кіреді.

Өткен жылы бала туу көрсеткіші соңғы он жылмен салыстырғанда едәуір жоғары болды. 2022 жылдың соңында шығарылған қорытындыға сай бір отбасында орташа есеппен ел бойынша «бір жарым бала» туылды. Яғни, бұл қандай да бір отбасында бес бала, қандай да бір отбасында бір бала болуы мүмкін дегенді білдіреді. 

Ал халықтың жалпы санын бөліп алып қарастырғанда баяу болса да, өсім байқалады. Қараша айында Ұлттық статистика бюросы жариялаған мәліметтерге сәйкес, Қазақстан халқының саны 19,7 млн адамға жетті. Өсу қарқыны мың адамға шаққанда 13 пайызды құрайды. Ол дегеніміз орташа алғанда, халықтың жалпы өсу қарқыны 1,3 пайыз деген сөз. Халық саны туу көрсеткішінің есебінен көтеріліп отыр. Өткен жылы 250 мың бала дүние есігін ашса, 13 мың адам қаза тапты.  Мұның барлығы еліміздегі демографиялық саясаттың бір жолға қойылғандығының бүгінгі көрінісі.

Бұдан бөлек, осы жылы ҚР көші-қон саясатының төрт жылдық тұжырымдамасы дайындалды. Бұл тұжырымдаманың негізгі мақсаттарының бірі – халық санын көбейту, тұрақты ұстап тұру, басқа елдердегі қандастарымыздың жағдайын бақылауға алу болып отыр. Сондай-ақ бұл тұжырымдама ішіне еліміз бойынша еңбек күші жетпейтін жерлерге қоныс аударуға ынталандыру да кіреді. Бұл ретте айта кететін жайт жоғарыда аталған өңірлерге көшіп барған жағдайда олар: әлеуметтік инфрақұрылыммен, жұмыспен және баспанамен қамтамасыз етіледі. 

Басқа елдерде қызмет ететін қандастарымызда да мемлекеттің назарында. Бұл туралы осы саяси тұжырымдама аясында Әлихан Смайылов былай деп атап өтті:

«Біздің Отандастарымызға заңгерлік және консультациялық көмек көрсетілетін болады. Ол үшін қазақстандық азаматтар көп жұмыс істейтін елдермен екіжақты келісімдер жасалады. Қай елде еңбек етсе де біз өз азаматтарымызды қорғай алуымыз керек». 

Елдегі бала туу көрсеткіші, қандастарымыздың өз жеріне қоныс аударуы, шетелдегі қазақтардың жай-күйі мұның барлығы демографиялық саясаттың негізінде әрқашан бақылауда болады. Өйткені, мемлекет үшін халық санының тұрақты өсімі маңызды. 

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары