25.05.2023, 12:00

Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу зор маңызға ие

Фото: pixabay
Елімізде әрбір үшінші әйел отбасындағы зорлық-зомбылықтан зардап шексе, әрбір алтыншы бала сол отбасындағы ойранның куәгері болады деген сөз.

Жыл сайын бүкіл әлем бойынша жарты миллионнан астам адам зорлық-зомбылықтың салдарынан қайтыс болады. Ал, төбелес сынды өзара қақтығыстардың кесірінен ажал құшатындардың саны одан да көп. Дәл осы өзара жаға жыртысу ДДҰ мәліметінше, Еуропадағы 15 пен 29 жас аралығындағы жастар арасында өлім-жітімнің себебі бойынша  4-орында тұр. Зорлық-зомбылықтың ең көп тараған түрі – тұрмыстық зорлық-зомбылық. Бүгінде бұл барлық елді алаңдатып, әлемдік қауымдастық алдындағы маңызды мәселеге айналып отыр. 

Аталмыш мәселенің алдын алу және болдырмау Қазақстан Республикасының да отбасылық-демографиялық саясатының ең өзекті тұсы. Өйткені, оның өсуі қоғам мен ондағы адамдардың қауіпсіздігіне тікелей қатысты. Оның арты өткір әлеуметтік проблемаға әкеліп соғады.

Осыған байланысты бүгінгі таңда бұл мәселені заңнама тұрғысынан қатаң бақылауға алып, алын алу шараларын тиімді жүзеге асырып және отбасындағы кез келген озбырлық әрекетке көз жұма қарамай, қоғамдық айыптау атмосферасын қалыптастырып әлеуметтік салмағы бар мемлекет деңгейінде шешу қажеттілігі туындап отыр.

Елімізде әрбір үшінші әйел отбасындағы зорлық-зомбылықтан зардап шексе, әрбір алтыншы бала сол отбасындағы ойранның куәгері болады деген сөз. Отбасы ішінде, тұрмыс барысында жасалған озбырлық әрекеттердің екі есе өсуіне байланысты мемлекет агрессорларға қарсы күресті күшейтіп, бөлінетін қаржының да көлемін ұлғайтқан. Атап айтатын болсақ мемлекет тарапынан жыл сайын жоғарыдағы проблеманың алдын алып, салдарын жою үшін 4,5 миллиард ақша жұмсалады. Бөлінген қаржының жартысынан көбі құқық қорғау органдары мен сот істеріне қарай бағытталады. 

Атқарылып жатқан істер аз да болсын өз нәтежиесін көрсетуде. Әйтсе де әлі де болсын толығымен жойылмай отырғаны көпті алаңдатады. Мәселенің барын мемлекет басшысы да жоққа шығармайды. Керісінше жарыққа шығарып, оны шешу керектігін баса айтып жүр. Қасым-Жомарт Тоқаев отбасылық тәрбие, мәдени тәрбие мәселелерін қамти отырып, қоғамдағы зорлық-зомбылық деңгейін төмендету үшін кешенді шаралар қабылдауды талап етті. Президенттің сөзінше, отбасындағы ойранды азайту үшін кінәлі адамға тағылатын айып іс жүзінде де орындалуы шарт. Бұл ретте патрульдік полицейлер шығарылған бұйрықтың толық орындалғанын қадағалауға алу керек. Бұл құқық бұзушылықтардың санын азайтып, бұзақылардың өз әрекеттеріне жауап беруіне көмектеседі.

«Өздеріңіз білетіндей, бұрын ұрып-соғу және денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру қылмыс санатынан шығарылған болатын. Бұл қылмысты 700-ден 20 мыңға дейін арттыруға мүмкіндік берді. Профилактикалық тиімділігін арттыру үшін осы әкімшілік құқық бұзушылық үшін жауапкершілікті қатаңдату қажеттігін пысықтау қажет. Қазір мен берген тапсырма бойынша, барлық қылмыстық заңнаманы оңтайландыру бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, жеке адамға қарсы, оның ішінде отбасылық-тұрмыстық қылмыстарға қарсы іс-қимыл мәселелері жан-жақты зерттелетін болады», - дейді Президент.  Отан отбасынан басталады. Отбасындағы болып жатқан оқиғаларға бей-жай қарамай, оның нормаларын бұзғандарды қатаң бақылауға алу мемлекет үшін күн тәртібіндегі негізгі жұмыстардың бірі болып қала береді. Өйткені, отбасында мейірім мен махаббатқа бөленіп өскен ұл мен қыз ертеңгі күні мемлекетіне де адал қызмет етеді.