29.05.2023, 12:00

Елордадағы денсаулық сақтау саласындағы оң өзгерістер

Фото: pixabay
Дені сау ұлт – дені сау мемлекет.

Мемлекет өзінің ұстанатын саясатында басымдықты қашан да азаматтарымыздың денсаулығына береді. Оған дәлел Қасым-Жомарт Тоқаевтың өткен жылы жолдаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауы.  Осы орайда елордамыздағы денсаулық саласындағы оң өзгерістерге тоқталып өтейік. 

Бүгінде әкімдік тарапынан Астана тұрғындары мен қонақтарына сапалы әрі қолжетімді медициналық көмек ұсыну үшін барлық жағдай жасалып отыр. Елордадағы денсаулық сақтау жүйесінің алдында тұрған негізгі міндеттердің бірі - емханаларға түсіп отырған жүктеменің салмағын азайту. Өйткені, Астанамызға қоныс аударушылардың саны артуда және осыған байланысты тұрғын үй құрылысы да қарқынды жүріп жатыр. Ауруханалардың да санын сәйкесінше өсіріп, акушерлік және балалар ем алатын төсектердің жетіспеушілігін азайту бүгінгі күннің маңызды тақырыбы. 

Мәселені шешу үшін ағымдағы жылда №3 көпсалалы қалалық аурухананы (Теміржол ауруханасы) қайта құру бойынша жобалау жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Бұдан бөлек жағдайды жақсарту үшін бірқатар кешенді шаралар қарастырылып жатыр. Күн тәртібінде тұрған төсек-орын тапшылығын және елорда тұрғындарының өсімін ескере отырып, 2023-2026 жылдарға арналған 18 нысанның құрылысы және реконструкциясы да осы жылы қолға алынады, оның ішінде 4 нысан республикалық бюджет есебінен жүзеге асырылатын болады.

Сондай-ақ мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында тағы 7 нысанның (Нұра ауданында ауысымына 500 стансаға арналған амбулаториялық-емхана кешені, Нұрлы жол вокзалының жанындағы Ж., 150 елді мекенге арналған МСАК орталығы) құрылысын бастау қолға алынған болатын. Қазіргі таңда Нұрлы жол вокзалы ауданында және Жағалау-3 метро станциясындағы амбулаториялық кешендердің құрылысы аяқталып қалды. Жақын арада халыққа өз қызметін көрсетуді бастайды. 

Медицина саласында ондағы техникалардың дұрыс жұмыс істеуі өте маңызды. Өйткені, оның екінші жағында азаматтардың денсаулығы тұр. 2020-2022 жылдар кезеңінде медициналық техниканың тозуы 22,5%-дан 14,6%-ға дейін қысқарды. Ал жаңа жабдықтармен қамту өз кезегінде 89,8%-дан 95,5%-ға дейін өсті. Оның ішінде ультрадыбыстық аппараттар, компьютерлік томографтар, желдеткіштер, жылжымалы флюорографиялық кешендер, сандық рентгендік жүйелер және т.б. бар. Сонымен қатар, МСАК үшін 51 автокөлік сатып алынса, республикалық бюджет есебінен 55 жедел жәрдем көлігі сатып алынды. Бұл жүйелі жұмыстар тоқтап қалмай, әлі де атқарыла береді. 

Одан бөлек елордадағы №4, №5 және №10 емханаларда жыл басында жедел жәрдем бөлімшелері пилоттық режимде іске қосылды. Басты мақсат – ауруханалардағы медицина қызметкерлерінің жүктемесін азайту және халыққа жедел медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру. Пилоттық режимде ашылған филиалдардың 3 айдағы жұмысының нәтежиесі жоғары болды. Ауруханалардың реанимация бөліміне шақыртулар саны айтарлықтай азайды, жүктеме де қысқарды. Қазіргі таңда №6, №7, №9 қалалық емханаларда осындай бөлімшелер жұмыс істеп жатыр.

Бұл Астанадағы медицина саласында болып жатқан оң өзгерістердің бір тармағы ғана. Бүгінде бұл саланы жақсарту мықтап қолға алынып, дұрыс жолға қойылған. Өйткені, дені сау ұлт – дені сау мемлекет.