31.05.2023, 18:20

Елімізде құлдыққа сатылған 90 адамның 75-і - әйелдер

фото: inform.kz
Адам саудасының гендерлік сипатына тоқталсақ, бізде жыныстық қанау фактілері басым.

Жыл сайын Қазақстан аумағында құлдыққа сатылатын 90 адамның 75-і - әйелдер. ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаменті басшысының орынбасары Шынар Көшербаева Мәжіліс ғимаратында заң жобасын талқылау кезінде осындай дерек келтірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Адам саудасының гендерлік сипатына тоқталсақ, бізде жыныстық қанау фактілері басым. Жыл сайын адам саудасының 90 құрбаны анықталатын болса, соның 75-і әйелдер. Мәжбүрлі еңбекке тартылатын ер адамдардың саны 10-ға дейін. Адам саудасының құрбаны болған ерлердің жасы 18-ден 70-ке дейін. Практикалық талдауға сүйенсек, оларды еңбек құлдығына тартады. Әйелдер арасында кәмелетке толмағанды адам саудасына салу кездеседі. Жасы 16,17-ден басталады. Жыныстық қанауға түскендердің жасы 40-қа дейін барады. Ал еңбек құлдығына тартылған әйелдердің жасы - 50-ге дейін. Өйткені әйелдерді де үй шаруасына күштеп жегуі мүмкін», - деді ІІМ өкілі.

Оның айтуынша, Қазақстан аумағында құлдыққа сатылатындардың басым бөлігі - өз отандастарымыз.

«Қазақстан аумағында Орталық Азия мемлекеттерінің азаматтары адам саудасына тартылады. Өзбекстан, Қырғызстан азаматтары көп ұшырайды. Ресей азаматтарын қанау фактілері де болды. Дегенмен адам саудасына ұшырайтындардың 80 пайызы - Қазақстан азаматтары. Бізде адам саудасының ішкі трафигі көбірек проблемалы деп есептеледі», - деді Шынар Көшербаева.