$ 498.34  519.72  4.85

Батыс Қазақстанда белгісіз біреулер судьяның көлігін өртеп жіберген

Полицейлер көліктің жанынан бензин құйылған пластик бөтелке мен қамыс тапқан.
Фото: Azattyq Ruhy
Фото: Azattyq Ruhy

Батыс Қазақстан облысына қарасты Жаңғалы ауылында белгісіз біреулер аудан судьясы Ілияс Іргебаевтың көлігін өртеп жіберген, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

БҚО Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, 31 мамырға қараған түні Жаңғалы ауылында Тәуелсіздік көшесі, 14-үйдің бойында «Тойота Камри» көлігі өртенген. Көліктің артқы жағы, артқы бампері және артқы шамдары жанып кетті. Автокөлік газ жабдығымен жабдықталмаған, өрт сөндіргіш пайдаланылмаған. Өрт өрт сөндірушілер жеткенше ауыздықталды. Көлік ресейлік тіркеуде болған.

БҚО ІІД баспасөз қызметі өртті белгісіз біреудің қойғанын, оған қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 202-бабы 2-бөлігі «Бөтеннің мүлкін қасақана жою немесе бүлдіру» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады. Бұл баптың санкциясы 2000 АЕК-ке дейінгі мөлшерде айыппұл салуды немесе екі жылға дейін бас бостандығын шектеуді немесе сол мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейді.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, полицейлер көліктің жанынан бензин құйылған пластик бөтелке мен қамыс тапқан.

Судья Ілияс Іргебаевтың өзі көлігін кім өртеп жіберуі мүмкін деген сұраққа жауап бере алмайтынын айтты.

«Қазір мен бұл мәселе бойынша ешқандай ақпарат бере алмаймын, өйткені менде жүргізілген тергеу әрекеті туралы ақпарат жоқ. Сондай-ақ егер ақпарат болған күннің өзінде, БҚО сотының баспасөз қызметі арқылы ресми түрде мәлім етіледі, сондықтан еш ақпарат бере алмаймын, мені түсінесіздер деп үміттенемін. Көлік өзімдікі, отбасыма тиесілі», - деді ол.

Сіздің реакцияңыз?
Ұнайды 0
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулы 0

Серіктес жаңалықтары