03.06.2023, 07:30

Ақтөбеде 10 жастағы бала суға батып кетті

Фото: pixabay.com
Алдын ала ақпарат бойынша 10 жастағы бала ата-ананың қарауынсыз қалып, ойнап жүріп құлап кеткен.

Ақтөбеде 10 жастағы бала ойнап жүріп, суға түсіп кеткен. Оны сүңгуірлер алып шықты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оқиға кеше сағат 18:26-да тіркелді. 112 құтқару қызметіне Ақтөбе қаласы Астана ауданы Айболит бау-бақша ұжымы ауданында баланың суға батып кеткені жөнінде хабарлама түсті.

«Оқиға орнына сүңгуірлер жіберілді. Алдын ала ақпарат бойынша 10 жастағы бала ата-ананың қарауынсыз қалып, ойнап жүріп құлап кеткен. Жедел құтқару жасағының қызметкерлері сағат 19:05-те 10 жастағы ер баланың денесін судан шығарды. Оның үстінде киімі болған», - деді облыстық ТЖД баспасөз қызметі.

Айта кетейік, Ырғыз ауданының Құрылыс ауылында екі бала суға батып кетіп, бірінің денесі екі сағат ішінде табылды. Ал екіншісін сүңгуірлер 5 метр тереңдіктен алып шықты. Кеше Ақтөбеде 15 жастағы бозбала достарымен суға шомылуға барып, өзен жағасына шыға алмай қалған. Қарсы бетте тұрған Қолқанат Баққұл оны өлімнен арашалап қалды.