106 жыл бұрын (1917-1943) Ұлы Отан соғысының қатысушысы, Кеңес Одағының Батыры, 3-ші Украина майданы 8-ші гвардиялық армия 39-шы гвардиялық атқыштар дивизиясы 120-шы гвардиялық атқыштар полкі құрамында рота командирі Жанғазы Әкімұлы МОЛДАҒАЛИЕВ дүниеге келді.
Семей облысы Абай ауданының Қараауыл ауылында туған. Ата-анасы ерте қайтыс болып, әпкесі Қанипа мен Жанғазыны немере ағасы Семейбай Жәкенов өз тәрбиесіне алып, Семейдегі №38 жетіжылдық мектепті бітірген. Мектеп бітіргеннен кейін ұн тартатын зауытта еңбек жолын бастаған Жанғазы сол кездегі ауатком (райисполком) хатшысы болып ел ісіне де араласа бастайды. Осылайша ержетіп, азамат болған шағында 1938 жылдың күзінде әскер қатарына шақырылып, 1941 жылы майданға аттанды.
1943 жылдың 23 қазанына қараған түні Молдағалиевтің ротасына Днепрден өтіп, плацдармды алу тапсырылды. Рота жауынгерлері Елизарово селосын жау қолынан толық азат етіп, жаудың мысын басып, 100-ден астам әскері мен офицерін жойып, 25 солдатын тұтқынға алады. Сол жылдың 31 қазанында Жанғазы басқарған 2-атқыштар ротасы Чернопаровка селосының батыс бөлігінде орналасқан тірекпунктін басып алу туралы бұйрық алады. Молдағалиевтің басшылығындағы рота түн ішінде қиындықтарға қарамастан өзеннен өтіп, қатты қақтығыстан соң Днепрдің оң жақ жағалауына күшпен бекініп алады.
1943 жылғы қарашадағы ұрыста өз денесімен жау дзотын жауып, қаза тапты.
КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1944 жылғы 19 наурыздағы Жарлығымен Ж. Молдағалиевке Кеңес Одағының Батыры атағы берілді. Ленин және Қызыл Жұлдыз ордендерімен марапатталған.